Павлодар облысының мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы өңіріміздегі халыққа қызмет көрсету нысандарына мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту мәселесіне қатысты түсіндіру жұмыстарын жүргізуде.
Бұл ретте аталған бағыттағы жұмыс 2026 жылғы 15 қазанда «Павлодарэнерго» АҚ-да жалғасын тапты. «Мемлекеттік тіл – сапалы қызмет кепілі» тақырыбында өткен кездесуде «Павлодар Электржелістік Тарату Компаниясы» АҚ-ның халықпен жұмыс істейтін қызметкерлері де қатысты.
Аталған кездесуде Павлодар облысының мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы басшысының орынбасары Қ. Алтаев, ономастика жұмыстары және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Б. Қайыр және бөлім маманы Қ. Сәкенова Қазақстан Республикасының Конституциясы мен өзге де заңнамалардағы тіл мәселесіне қатысты енгізілген өзгерістер мен толықтыруларды түсіндірді.
Шара барысында мемлекеттік тілде іс жүргізу, жеке азаматтарға қызмет көрсетумен қатар көрнекі ақпаратты орналастыру талаптары мен тәртіптері, сондай-ақ оны сақтамаған жағдайда қолданылатын әкімшілік жазалар жайында ақпарат берілді. Сонымен қатар кездесу кезінде мекемедегі жұмыста қолдану үшін тіл мәселесіне қатысты заң талаптары түсіндірілген әдістемелік құрал табысталып, қатысушыларға жадынамалар таратылды.
Мәжіліс барысында «Павлодарэнерго» АҚ-ы мен «Павлодар Электржелістік Тарату Компаниясы» АҚ-ның кызметкерлері тіл саясатына қатысты өз ойларын ортаға салып, шараны ұйымдастырушы тараппен іс жүргізу мәселелері бойынша пікір алмасты.









