Полиция қызметкерлері жасөспірімдер мен жастар арасындағы қылмыстар мен құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің студенттерімен кездесті.
Кейбір жастар өзін-өзі қорғау үшін пышақ алып жүруге болады деп қате ойлайды. Алайда оны жанжал кезінде қолдану ауыр құқықтық салдарға әкелуі мүмкін.
СҚО ПД Жедел-криминалистикалық басқармасының бастығы Қанат Оспанов суық қарудың түрлері мен өзін-өзі қорғаудың заңды тәсілдері туралы айтып берді. Полицейлер тәжірибеден мысалдар келтіріп, суық қару алып жүруге болмайтынын түсіндірді.
Сондай-ақ тәртіп сақшылары бұзақылық жасағаны үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын еске салып, студенттерді жанжалдан аулақ болуға шақырды. Қиын жағдайға тап болғанда полициядан, ата-анадан немесе педагогтерден көмек сұрау өзін қорғаудың анағұрлым сенімді әрі қауіпсіз жолы екенін атап өтті.
Кездесуге қатысқан СҚО Жастар денсаулық орталығының психологтары студенттерге дағдарысты жағдайлардан қауіпсіз жолмен шығу тәсілдері туралы айтып берді.
Іс-шара облыстық прокуратурамен бірлесіп, СҚО-дағы криминогендік ахуалды сауықтыру жөніндегі жол картасын іске асыру аясында ұйымдастырылды.
Тоғыз айда облыста жасөспірімдер жасаған 30 қылмыс тіркелді. Құқық қорғау органдарының профилактикалық жұмысы тұрақты түрде жүргізіледі.





