ШЕКАРАЛЫҚ АЙМАҚТА ОҚУ-ЖАТТЫҒУ ЖИЫНЫ ӨТТІ

    ·
    ШЕКАРАЛЫҚ АЙМАҚТА ОҚУ-ЖАТТЫҒУ ЖИЫНЫ ӨТТІ

    Бүгін Түркістан мен Қызылорда облыстарының шекарасы түйіскен қасиетті Отырар өңірінде орман және далалық жерлердегі өрттің алдын алуға арналған ауқымды облысаралық оқу-жаттығу жиыны өтті. Аталған шара Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрлігі мен Қазақстан Республикасының Экология және табиғи ресурстар министрлігі арасындағы мемлекеттік орман қоры аумағындағы орман өрттерін сөндіру кезіндегі өзара іс-қимыл жөніндегі нормативтік-құқықтық актілердің талаптарын орындау мақсатында ұйымдастырылды.

    ​Маңызды жиынға Түркістан облыстық төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Қайрат Алиханов, Қызылорда облыстық төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Жасұлан Түйменов және Отырар ауданы әкімінің орынбасары Қыдырбай Сейітқұлдар қатысып, қос өңірдің күштері мен құралдарының үйлесімді әрекеттерін бақылады. Оқу-жаттығу жиынының екі облыс шекараларның түйіскен нүктесінде өтуінің де маңызы айрықша. Себебі, аумақта бірегей тораңғыл тоғай, далалық аймақтың символы болып, Қызыл кітапқа енген жыңғылы мен сексеуілі мол шоғырланған.

    ​Оқу-жаттығу барысында ТЖД мамандары, орман шаруашылығы қызметкерлері мен жергілікті атқарушы органдар төтенше жағдай кезінде шұғыл жұмылып, ведомствоаралық байланыстың тиімділігін көрсетті. Өрт ошақтарын ерте анықтау, оларды жедел жою және күштерді үйлестіру бағытындағы кешенді әрекеттер тәжірибе жүзінде пысықталып, қатысушылардың кәсіби дайындығы жоғары бағаланды.

    ​Қорытындылай келгенде, екі көршілес өңірдің мамандары бірлескен оқу-жаттығуды сәтті аяқтап, алдағы өрт қауіпті маусымға сақадай сай екендіктерін дәлелдеді. Мұндай бірлескен шаралар өңірлердің экологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз етіп қана қоймай, тілсіз жаудың алдын-алудағы тиімді әдістерді жетілдіруге зор үлес қосады.

    Ұқсас материалдар

    "" жаңалықтары