
Бүгін республикалық «Қауіпсіздік азимуты» акциясы аясында Шымкент қаласы Төтенше жағдайлар департаменті су айдындарындағы қауіпсіздік, шағын көлемді кемелерді қауіпсіз пайдалану және құтқарушылардың профилактикалық жұмысына арналған баспасөз турын ұйымдастырды.
Іс-шараға бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, Шымкент қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің құтқарушылары, Апаттар медицинасы орталығының қызметкерлері, сондай-ақ Департаменттің Әйелдер кеңесінің өкілдері қатысты.
Баспасөз туры барысында құтқарушылар журналистерге су айдындарындағы іздестіру-құтқару жұмыстарында қолданылатын арнайы техникалар мен авариялық-құтқару және сүңгуір жабдықтарын таныстырды. Сонымен қатар, судағы төтенше жағдайлардың алдын алу мақсатында атқарылып жатқан жұмыстар мен қауіпсіздік қағидалары туралы кеңінен ақпарат берілді.
Іс-шара барысында шағын көлемді кемелерді қауіпсіз пайдалану мәселесіне ерекше назар аударылды. Мамандар жүзу құралдарын пайдалану кезіндегі қауіпсіздік талаптарын түсіндіріп, судағы төтенше жағдайлар туындаған жағдайда атқарылатын іс-қимылдарды жеткізді.
Баспасөз турының негізгі нысандарының бірі мобильді сүңгуір станциясы болды. Мұндай арнайы техника тек Шымкент қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің құтқарушыларында ғана бар. Арнайы автокөлік төрт адамға арналған жатын орындармен, санитарлық-тұрмыстық бөліммен және сүңгуір жабдықтарын сақтауға арналған арнайы бөлікпен жабдықталған.
Сондай-ақ баспасөз туры барысында құтқарушылар мен Апаттар медицинасы орталығы мамандарының судағы оқиғалар кезінде жедел әрекет ету және зардап шеккендерге көмек көрсету бағытындағы жұмысы таныстырылды.
Анықтама үшін: Шымкент қаласының аумағында халықтың жаппай демалуына, туризм және су спорт түрлерімен айналысуыға арналған 5 ресми орын белгіленген. Оның ішінде тек 3 орында суға түсуге рұқсат етілген: Тоғыс су қоймасындағы «Райский пляж» демалыс аймағында, Бадам су қоймасындағы «Рахат Бадам» демалыс аймағында және Қошқарата өзенінің бастауында.
Жазатайым оқиғалардың алдын алу мақсатында суға түсуге тыйым салынған 13 қауіпті орын айқындалған. Қазіргі уақытта олардың санын 31-ге дейін ұлғайту жұмыстары жүргізілуде. Аталған учаскелерде барлығы 267 ескерту белгісі орнатылған.
Жыл басынан бері Департамент уәкілетті мемлекеттік органдармен бірлесіп 148 рейдтік іс-шара өткізіп, 16 481 адамды қамтыды. Сонымен қатар, білім беру ұйымдарында 113 профилактикалық іс-шара ұйымдастырылып, 1 700-ден астам оқушыға судағы қауіпсіздік қағидалары түсіндірілді.
Қабылданып жатқан профилактикалық шараларға қарамастан, биылғы жылдың басынан бері Шымкент қаласының аумағында судағы 3 жазатайым оқиға тіркелді. Оқиғалардың негізгі себептері – қауіпсіздік талаптарын сақтамау және суға түсуге тыйым салынған орындарда шомылу.
Шымкент қаласы Төтенше жағдайлар департаменті тұрғындарды тек рұқсат етілген орындарда ғана демалуға, балаларды қараусыз қалдырмауға, жүзу құралдарын пайдалану қағидаларын сақтауға және судағы қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауға шақырады.









