КЕНТАУ АТАУЫ АФИНА ТӨРІНДЕ

    ·
    КЕНТАУ АТАУЫ АФИНА ТӨРІНДЕ

    Туған жерге деген сағыныш пен құрметтің шекарасы болмайды. Соның жарқын дәлелі – Грекияның астанасы Афина қаласында «Кентау» атауымен аталатын көше.
    Кентау – сан түрлі ұлт пен ұлыстың ынтымақ пен бірлікте өмір сүріп келе жатқан киелі мекен. 1990–1991 жылдары Кентау қаласынан Грекияға қоныс аударған гректер туған қалаларына деген ыстық ықыласын ерекше жолмен білдірді. Олар өздері қоныстанған аумаққа «Кентау» атауын беруді ұсынып, бұл атауды жергілікті әкімшілік арқылы ресми түрде бекіткен.
    Осылайша, Афина қаласының бір көшесі кентаулықтардың туған жерге деген шексіз сағынышы мен құрметінің символына айналды.
    Бүгінде «Кентау» көшесі орналасқан аумақта жаңа тұрғын үйлер бой көтеріп, халық саны артып келеді. Көшенің атауы жыл өткен сайын өз маңызын жоғалтпай, екі ел арасындағы достық пен тарихи байланыстың белгісі ретінде сақталып келеді.
    Көше атауының берілуіне ерекше үлес қосқан азаматтардың бірі – Кентау қаласында дүниеге келген Павел Асланиди Николаевич.
    «Туған қаламыздың есімі Грекияда жарқырап тұрғанын көру, біз үшін үлкен мақтаныш. Бұл бізге Кентауды әрдайым еске салып, сағынышымызды басқандай әсер береді. Туған жердің орны әрқашан бөлек», – дейді ол.
    Афинадағы «Кентау» көшесі табиғаты көркем аймақта орналасқан. Бір жағында тау бөктері көрініс берсе, екінші жағында Ион теңізінің әсем жағалауы созылып жатыр. Осындай көрікті мекенде туған қаланың атауының жаңғырып тұруы, әрбір кентаулық үшін зор мақтаныш.
    Осы игі бастаманың авторларының бірі Павел Асланиди Николаевичке Кентау қаласының әкімі Жандос Тасов туған қалаға деген ерекше құрметі мен жанашырлығы үшін алғыс білдірді. Қала басшысы мұндай тағылымды бастамалар Кентаудың тарихын, рухани құндылықтарын және халықаралық деңгейдегі байланысын дәріптеуге ықпал ететінін атап өтті.
    Кентау қаласының атынан арнайы сый-сияпат табысталып, туған жерге деген адал ықыласы үшін ризашылық білдірілді.
    Алыста жүрсе де туған қаласының атын ардақтап, оны өзге елде дәріптеп жүрген жерлестеріміздің бұл игі ісі, Кентауға деген шынайы сүйіспеншіліктің және туған жерге деген мәңгілік сағыныштың жарқын көрінісі.

    Ұқсас материалдар

    "" жаңалықтары