
Кентау қаласының әкімі Жандос Тасовтың төрағалығымен өткен кезекті аппараттық жиында қала дамуының маңызды бағыттарына қатысты өзекті мәселе қаралды. Жиынның күн тәртібіне 2026 жылдың І жартыжылдығының қорытындысы бойынша рейтингтік көрсеткіштердің орындалу барысы талқыланды.
Алдымен қала әкімінің орынбасарлары өздеріне жетекшілік ететін салалар бойынша атқарылған жұмыстардың нәтижелері мен рейтингтік көрсеткіштердің орындалу деңгейі туралы баяндама жасады. Баяндамалар барысында қол жеткізілген нәтижелермен қатар, жоспарлы көрсеткіштердің орындалу барысы, өзекті мәселелер мен алдағы кезеңге белгіленген міндеттер сараланды.
Жиын барысында қала әкімі әрбір саланың жұмысын жеке талдап, кейбір көрсеткіштердің төмендеуіне әсер еткен себептерге тоқталды. Сонымен қатар, орын алған кемшіліктер бойынша тиісті бөлім басшыларына нақты ескертулер беріліп, көрсеткіштерді жақсарту бағытында жүйелі жұмыс жүргізу тапсырылды.
Қала әкімі рейтингтік көрсеткіштердің орындалуы әрбір мемлекеттік органның жұмысының тиімділігін айқындайтынын атап өтіп, барлық жауапты басшыларға бекітілген жоспарлардың сапалы орындалуын, индикаторлардың уақытылы орындалуын және әрбір көрсеткіш бойынша тұрақты мониторинг жүргізуді тапсырды.









