
«Таза Қазақстан» республикалық экологиялық бағдарламасы аясында Қарағанды облысының полиция қызметкерлері табиғат қорғау заңнамасын бұзушыларға қатысты жүйелі жұмыстар жүргізуде. Бір тәуліктің ішінде тұрмыстық және құрылыс қалдықтарын рұқсат етілмеген орындарға төккен үш жүк автокөлігі анықталды. Бұл жағдай экологиялық талаптарды сақтауды күшейтудің және қоршаған ортаны қорғау саласындағы бақылауды арттырудың маңыздылығын тағы бір мәрте көрсетті. Заң талаптарын бұзған үш жүк көлігі бірден мамандандырылған айыппұл тұрағына қойылды. Көлік жүргізушілеріне қатысты әкімшілік іс қозғалып, оларға айыппұл салынды. Сонымен қатар заңсыз қоқыс үйіндісін толық тазарту міндеті жүктелді. Айта кету керек, Қарағанды облысының Экология департаменті қоршаған ортаға келтірілген залалдың нақты көлемін анықтағанға дейін аталған көлік құралдары иелеріне қайтарылмайды. Табиғатқа келтірілген шығын көлеміне сәйкес есептелген өтемақы толық өтелгеннен кейін ғана жүк көліктері заңды иелеріне беріледі. Бұл шара құқық бұзушыларды жауапкершілікке тартумен қатар, табиғат қорғау заңнамасын бұзуға ниетті өзге азаматтар үшін де тиімді алдын алу тетігі болып табылады. Қарағанды облысының полициясы «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясындағы жұмыстарды жүйелі түрде жалғастырып келеді. Заңсыз қоқыс орындарының пайда болуына жол бермеу және қалдықтарды рұқсатсыз төгу деректерінің алдын алу – құқық қорғау органдарының басты назарындағы бағыттардың бірі. Негізгі мақсат – өңірдің табиғи байлығын сақтап, оны келер ұрпаққа таза күйінде жеткізу.









