
Қарағандыда заңсыз қоқыс төккен тұрғын стихиялық қоқыс орнын тазалауға мәжбүр болды. Қарағандыда полицейлер қала тұрғынын қала сыртында өзі ұйымдастырған стихиялық қоқыс үйіндісін жоюға міндеттеді. Қалдықтарды дала аймағына заңсыз шығару фактісін тәртіп сақшылары әлеуметтік желілерге мониторинг жүргізу барысында анықтады. Әлеуметтік желілерде осыған қатысты бейнежазба жарияланған. Қарағанды қаласының Ә. Бөкейхан атындағы полиция бөлімінің қызметкерлері құқық бұзушының жеке басын анықтады. Ол 33 жастағы қала тұрғыны болып шықты. Полицейлер ер адаммен профилактикалық әңгіме жүргізіп, оған қатысты әкімшілік хаттама толтырды. Нәтижесінде қарағандылық азамат өз әрекетінің салдарын өзі жоюға мәжбүр болды. Ол далаға төгілген қоқысты өз ауласына қайта алып келіп, кейін өз қаражаты есебінен арнайы техниканы шақыртып, қалдықтарды кәдеге жаратуға арналған рұқсат етілген қоқыс полигонына жөнелтті.









