
Қонаев қаласында «Барыс» экопаркінің іргетасын қалау мақсатында алғашқы ағаш отырғызу рәсімі өтті. Іс-шара «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында ұйымдастырылды. Оған Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев, облыстық мәслихат төрағасы Қуат Байғоджаев және қала тұрғындары, жастар, мемлекеттік қызметкерлер, әскери қызметшілер мен қоғам өкілдері қатысты.
Аймақ басшысы өз сөзінде экология мәселесі қазіргі заманда ерекше маңызға ие екенін атап өтті. Оның айтуынша, облыс орталығы саналатын Қонаев қаласы қарқынды дамып келеді, ал «Барыс» экопаркі сол дамудың бір көрінісі болмақ.
Жалпы аумағы 10 гектарды қамтитын бұл жоба тек жасыл желек отырғызумен шектелмей, тұрғындар мен қала қонақтарына арналған заманауи демалыс аймағына айналады. Бүгінгі күні парк аумағына 200 түп терек егілді, ал болашақта ағаш саны 5 мыңға дейін жеткізіледі.
Сонымен қатар, аумақта кезең-кезеңімен абаттандыру жұмыстары жүргізіледі. Жаяу жүргіншілерге арналған жолдар салынып, жарықтандыру жүйелері орнатылып, демалыс орындықтары қойылады. Жоспар бойынша, жыл соңына дейін экопарк толық пайдалануға беріледі.









