
Қонаев қаласындағы «Alatau Hub» инновациялық орталығында Алматы облысының аудандық және қалалық мәслихат депутаттарына арналған тәжірибелік тренинг өтті. Оны ЕҚЫҰ-ның Астанадағы бағдарламалар кеңсесі қолдап, шараға ҚР ПІБ жанындағы Парламентаризм институты мен Қазақстандағы парламентаризмді дамыту қорының сарапшылары қатысты.
Тренингтің ашылуында ЕҚЫҰ өкілі Алексей Рогов Қазақстанда жергілікті басқаруды дамытуға және мәслихаттардың рөлін күшейтуге ерекше назар аударылып отырғанын атап өтті. Оның айтуынша, бағдарлама депутаттардың кәсіби деңгейін арттыруға бағытталып, құқықтық негіздер, бюджеттік ашықтық, қоғаммен байланыс және жасанды интеллектті қолдану сияқты тақырыптарды қамтыды.
Облыстық мәслихат төрағасы Қуат Байғоджаев мұндай шаралардың маңызын атап өтсе, қор президенті Зәуреш Батталова тренинг депутаттардың құзыретін арттыруға ықпал ететінін жеткізді.
Екі күндік тренинг интерактивті форматта ұйымдастырылып, қатысушылар практикалық тапсырмалар мен топтық жұмыстарға белсенді қатысты. Алғашқы күні коммуникация, этика және заңнамалық сауаттылық мәселелері қарастырылды. Депутаттар сайлаушылармен тиімді байланыс орнату, әлеуметтік желілерді дұрыс пайдалану және цифрлық құралдарды қолдану дағдыларын жетілдірді.
Сондай-ақ этика, сыбайлас жемқорлық тәуекелдері, БАҚ-пен жұмыс істеу, дағдарыстық жағдайларда әрекет ету мәселелері тәжірибе жүзінде талқыланды. Құқықтық бөлімде жергілікті басқару заңнамасы мен бюджетті қалыптастыру және бақылау тетіктері түсіндірілді.
Тренинг барысында ауызсу тапшылығы, инфрақұрылымның тозуы, тұрғын үй, тарифтер мен экология сияқты өзекті мәселелер қозғалып, оларды мәслихат деңгейінде шешу жолдары ұсынылды.
Іс-шараға тәжірибелі сарапшылар – Зәуреш Батталова мен Ләззат Сүлеймен қатысып, өз тәжірибелерімен бөлісті. Олар жергілікті деңгейден бастап жоғары саяси қызметке дейінгі жолдарын мысалға келтіріп, депутаттық қызметтегі жауапкершілік пен табандылықтың маңызын атап өтті.









