Кене энцефалиті: алдын алу шаралары және кене жабысқанда не істеу керек

    ·
    Кене энцефалиті: алдын алу шаралары және кене жабысқанда не істеу керек

    Кене энцефалиті – адамға негізінен вирус жұқтырған кененің шағуы арқылы берілетін, жүйке жүйесін зақымдайтын қауіпті жұқпалы ауру. Бұл дерттен сақтанудың ең тиімді жолы – қарапайым әрі нәтижелі алдын алу шараларын сақтау.

    Кене шағу қаупін азайту үшін төмендегі ұсынымдарды ұстанған жөн:

    • Орман алқаптарына, саябақтарға, демалыс орындарына, қалың шөп пен бұталы жерлерге барған кезде денені толық жабатын киім киіңіз. Ұзын жеңді жейде немесе күрте, ұзын шалбар киіп, шалбардың балағын шұлықтың немесе аяқ киімнің ішіне салған дұрыс. Ашық түсті киім киген жөн, өйткені оның үстінен кенені оңай байқауға болады.
    • Кенеден қорғайтын арнайы құралдарды (репелленттер мен акарицидтік препараттарды) пайдаланыңыз және оларды қолдану жөніндегі нұсқаулық талаптарын қатаң сақтаңыз.
    • Табиғат аясында болған кезде әр 15–20 минут сайын өзіңізді және қасыңыздағы адамдарды тексеріп отырыңыз. Әсіресе мойын, қолтық асты, шап тұсы, құлақтың арты және бастың шашты бөлігі сияқты кене жиі жабысатын аймақтарға ерекше назар аударыңыз.
    • Биік шөптің, қалың бұталардың арасымен жүруден мүмкіндігінше аулақ болып, жерге төсенішсіз отырмаңыз.
    • Үйге оралғаннан кейін денеңізді, киіміңізді, аяқ киіміңізді, сөмкеңізді және өзге де жеке заттарыңызды мұқият қарап шығыңыз. Киімді жуып, серуенге бірге ерген үй жануарларын да міндетті түрде тексеріңіз.

    Егер денеңізге кене жабысып қалса:

    • Кенені жаншуға немесе жұлып алуға әрекет жасамаңыз.
    • Оны қауіпсіз алып тастау және қажетті медициналық кеңес алу үшін мүмкіндігінше тез арада медициналық ұйымға жүгініңіз.
    • Кене шаққаннан кейін бір ай бойы денсаулық жағдайыңызды мұқият бақылаңыз. Дене қызуы көтерілсе, бас ауырса, әлсіздік, бұлшықет ауыруы немесе басқа да жайсыздық белгілері байқалса, дереу дәрігерге қаралып, кене шаққаны туралы міндетті түрде хабарлаңыз.

    Осы қарапайым сақтық шараларын сақтау кене шағу қаупін едәуір төмендетіп, табиғат аясындағы демалыс кезінде денсаулығыңызды қорғауға мүмкіндік береді.

    Ұқсас материалдар

    "" жаңалықтары