
Ақтөбе қалалық Кәсіпкерлер палатасының алаңында облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің өнеркәсіптік қауіпсіздік және мемлекеттік өрт бақылауы басқармалары, қалалық Төтенше жағдайлар басқармасы, Тұрғын үй инспекциясы өкілдері мен автогаз құю (АГҚС) және газ толтыру (ГТС) станцияларының басшылары бас қосқан жұмыс кеңесі өтті.
Жиында Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өнеркәсіптік әрі өрт қауіпсіздігін сақтау, газбен жабдықтау нысандарын тиімді пайдалану және жабдықтарға уақтылы техникалық қызмет көрсету мәселелері қаралды. Қатысушылар салалық нысандарды эксплуатациялаудағы өзекті мәселелердіталқылап, мемлекеттік органдар мен кәсіпкерлер арасындағы ынтымақтастықты дамыту бойынша ұсыныстарын ортаға салды.
Кеңес қорытындысы бойынша тараптар өндірістік қауіпсіздікті арттыру, төтенше жағдайлардың алдын алу және газ шаруашылығы объектілеріндегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында профилактикалық шараларды бірлесіп жүргізуге, сондай-ақ ақпарат алмасу бағытындағы жұмыстарды нығайтуға келісті.









