Жетісу облысы дін істері басқармасының ұйымдастыруымен Діни бірлестік жетекшілері клубының II отырысы өтті.

    Жетісу облысы дін істері басқармасының ұйымдастыруымен Діни бірлестік жетекшілері клубының II отырысы өтті.

    2026 жылғы 30 маусымда Текелі қаласында Жетісу облысы дін істері басқармасының ұйымдастыруымен Діни бірлестік жетекшілері клубының II отырысы өтті.

    Кездесу тақырыбы – «Конфессияаралық келісім және сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет».

    Іс-шараға өңірдегі діни бірлестік жетекшілері, мемлекеттік органдардың өкілдері мен сала мамандары қатысып, конфессияаралық татулықты нығайту, қоғамдық келісімді сақтау, рухани құндылықтарды дәріптеу және сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру мәселелерін талқылады.

    Кездесуді Жетісу облысы дін істері басқармасының Құқық қорғау органдарымен өзара байланыс, діни бірлестіктермен жұмыс және сараптама бөлімінің басшысы Молдабаева Динара Мұратқызы жүргізді.

    Дөңгелек үстел барысында Текелі қаласының бас имамы Медетбеков Аман Айтбосынұлы, Текелі қаласы «Қасиетті үштік шіркеуі» діни бірлестігінің басшысы Пантелеев Виталий Александрович, Талдықорған қаласындағы «Қасиетті Дева Мария Рим-Католик приходы» діни бірлестігінің басшысы, миссионер Бжиски Томаш Людвиг, Текелі қаласы «Галилея пресвитериандық шіркеуі» діни бірлестігінің басшысы Пятов Константин Борисович және Жетісу облысының Әділет департаментінің басшысы Бексұлтан Жандос Ельмуратович баяндама жасап, конфессияаралық келісімді нығайту, діни бірлестіктердің қоғамдық тұрақтылықты қамтамасыз етудегі рөлі, құқықтық мәдениет пен сыбайлас жемқорлыққа қарсы көзқарасты қалыптастыру мәселелері бойынша пікір алмасты.

    Кездесу барысында діни бірлестіктердің қоғамда адалдық, әділдік, жауапкершілік және парасаттылық қағидаттарын насихаттаудағы рөліне ерекше назар аударылды. Сонымен қатар жастардың құқықтық және рухани тәрбиесін күшейту, мемлекеттік органдар мен діни бірлестіктер арасындағы ынтымақтастықты дамыту бағытындағы өзекті мәселелер көтерілді.

    Іс-шара қорытындысында қатысушылар конфессияаралық келісімді нығайту, қоғамдық тұрақтылықты сақтау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру жолындағы өзара әріптестікті жалғастыруға дайын екендіктерін білдірді.

    Бірлік пен өзара құрмет – қоғам тұрақтылығының берік негізі.

    Ұқсас материалдар

    "Жетісу облысы дін істері басқармасы" жаңалықтары