
Алматы қаласы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне қарасты кәмелетке толмағандарды ұстауға арналған №11 мекемесінде «Ашық есік күні» өтті.
Іс-шара аясында №32 мектептің директоры Меруерт Ибраимханова 30 тәрбиеленушіге орта білім туралы аттестаттарды салтанатты түрде табыстады.
Бұл күні мекемеге сотталған жасөспірімдердің ата-аналары мен жақын туыстары келіп, ұйымдастырылған іс-шараға қатысты.
Мекеме әкімшілігінің айтуынша, мұндай кездесулер жасөспірімдердің отбасы мүшелерімен қарым-қатынасын нығайтып, олардың қоғамға қайта бейімделуіне оң ықпал етеді. Сонымен қатар ата-аналар мекеме қызметкерлерімен ашық пікір алмасып, өздерін толғандырған сауалдарға жан-жақты жауап алды.
Шара соңында қатысушылар ұйымдастырушыларға алғыстарын білдіріп, мұндай кездесулердің тәрбиелік әрі әлеуметтік маңызы зор екенін атап өтті.






