
Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен облыстық нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күреске бағытталған қызметті үйлестіру жөніндегі өңірлік ведомствоаралық штабтың отырысы өтті.
Жиында өңірдегі есірткі қылмыстарының алдын алу, мемлекеттік шекара арқылы есірткі мен химиялық заттардың заңсыз тасымалына тосқауыл қою, синтетикалық есірткілерге қатысты сот сараптамаларының сапасы мен жеделдігін арттыру мәселелері жан-жақты қаралды. Кеңеске құқық қорғау және арнайы органдардың, облыстық басқармалар мен жауапты мекемелердің басшылары қатысты.
Күн тәртібіндегі алғашқы мәселе бойынша ҚР ҰҚК Шекара қызметінің Түркістан облысы бойынша департаментінің бастығы Мұхтар Даулетов, Мемлекеттік кірістер департаменті бастығының орынбасары Ерлан Тұрысов және Түркістан облысы полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Арман Тіленшин баяндама жасады.
Жыл басынан бері мемлекеттік шекара арқылы есірткі тасымалдаудың 30 әрекетінің жолы кесіліп, түрлі есірткі заттары тәркіленген. Сонымен қатар күмән тудыратын көлік құралдары мен жүктерді тереңдетіп тексеру жүйесі жетілдіріліп, мемлекеттік органдар арасындағы өзара іс-қимыл күшейтілген.
Нашақорлықтың алдын алу бағытында да кешенді жұмыстар жүргізілуде. Биыл өңірде мектептерде, колледждерде, жоғары оқу орындарында және елді мекендерде 93 мыңнан астам тұрғынды қамтыған 883 профилактикалық іс-шара ұйымдастырылды. Бұдан бөлек, 60 рейд өткізіліп, қоғамдық орындардағы есірткі жарнамасын насихаттайтын 225 граффити өшірілді.
Жиын қорытындысында Нұралхан Көшеров жауапты мемлекеттік органдарға есірткінің заңсыз айналымына қарсы күресті күшейтуді, цифрлық технологияларды кеңінен пайдалануды, мемлекеттік органдардың өзара іс-қимылын жетілдіруді және жастар арасында нашақорлықтың алдын алу жұмыстарын жүйелі түрде жалғастыруды тапсырды.









