1 / 4
«Астана Опера» театрының Күләш Байсейітова атындағы Камералық залында Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 35 жылдығына арналған «Үш әлем – бір әуен» концерті өтті.
Концерт бағдарламасын Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, бас хормейстер Ержан Дәуітовтің жетекшілігімен театрдың Камералық хоры ұсынды. Бағдарлама авторы – Дәурен Мусин.
Кеште қазақтың «Ауылым», «Құсни – Қорлан», «Япурай» халық әндері мен басқа да музыкалық туындылар хорға лайықталып, жаңаша өңдеуде орындалды. Домбыра, қылқобыз, шаңқобыз және дауылпаз секілді ұлттық аспаптардың сүйемелдеуімен шырқалған шығармалар бағдарламада айрықша орын алды.
Сонымен бірге «Астана Опера» театр студиясының балалар хоры қазақ және шетел композиторларының шығармаларын орындады.
Сахнада Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Расул Жармағамбетов, солистер Лейла Аламанова, Ұлпан Әубәкірова, Аян Төлеген және Саргис Бажбеук-Меликян өнер көрсетті. Шығармалардың басым бөлігі музыкалық аспаптардың сүйемелдеуінсіз, а капелла үлгісінде орындалды.
Қазақ музыкасының бай мұрасын заманауи хор өнері арқылы танытқан концерт ұлттық дәстүрдің өміршеңдігін және өнердегі ұрпақтар сабақтастығын көрсетуге бағытталды.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.









