«Alatau Hub» және «Даму» қоры Алматы облысында кәсіпкерлікті бірлесіп дамытады

    1 / 5

    26 қарашада Қонаев қаласында «Астана Хаб» автономды кластерлік қорының Қонаев қаласы бойынша филиалы «Alatau Hub» мен «"Даму" кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ-ның Алматы облысы бойынша өңірлік филиалы өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Құжатқа «Alatau Hub» директоры Асхат Жанбосынов пен «Даму» қорының өңірлік филиалының директоры Бақытжан Исаков қол қойды.

    Меморандумның басты мақсаты — Алматы облысында кәсіпкерлік белсенділікті арттыру. Кәсіпкерлер мен өз ісін ашуды жоспарлап жүргендер мемлекеттік қолдау шаралары туралы түсінікті әрі өзекті ақпаратқа қол жеткізуі керек.

    Тараптар білім мен тәжірибе алмасуды жоспарлап отыр: соның ішінде «Даму» қорының мамандары аудандық креативті және IT-орталықтардың қызметкерлерін мемлекеттік қолдаудың негізгі шаралары мен бизнесті қолдау құралдарымен таныстырады. Тараптар «Alatau Hub» пен «Даму» қорының алаңдарында кәсіпкерлерге арналған семинарлар, консультациялар, дәрістер, ашық есік күндері мен кездесулер өткізеді. Кәсіпкерлер IT-кәсіпкерлік, Astana Hub резиденттігі мен преференциялары туралы, сондай-ақ IT-кәсіпкерлік пен креативті индустрия бағыттары бойынша «Даму» қоры арқылы қаржыландыру мүмкіндіктері туралы өзекті ақпарат ала алады.

    «Алматы облысының кәсіпкерлері үшін мемлекеттік қолдау шаралары туралы ақпаратты жедел әрі бірінші қолдан алу маңызды. "Даму" қорымен бірге біз оны одан әрі қолжетімді етуді көздейміз: аудандық креативті және IT-орталықтар кәсіпкер қолдау шаралары туралы алғашқы кеңесті ала алатын орынға айналуы тиіс», — деді «Alatau Hub» директоры Асхат Жанбосынов.

    Бірлескен іс-шаралар туралы ақпарат «Alatau Hub»-тың әлеуметтік желілерінде жарияланады.

    Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз

    Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.

    Ұқсас материалдар

    "Алматы облысының цифрлық технологиялар басқармасы" жаңалықтары