Қоғамдық кеңестің кезекті отырысы өтті

    1 / 10
    2026жылғы26 қарашакүніМаңғыстау облысының Қоғамдық кеңесінің кезекті отырысы кеңес төрағасы Жүсіпов Бекмұрат Қыдырбайұлының төрағалығымен өтті.
    Отырыс барысында өңірдің әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық маңызы бар бірқатар өзекті мәселелері қаралды. Атап айтқанда, ветеринария саласының дамуы, қоршаған ортаны қорғау, табиғи ресурстарды тиімді пайдалану, экологиялық ахуалды жақсарту және дәстүрлі жиындарды ұйымдастыру мәселелері бойынша ақпараттар тыңдалды.
    Алдымен, ветеринария саласындағы атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарлар туралы баяндалды. Бүгінде өңірде ауыл шаруашылығы жануарларының эпизоотиялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. 2026 жылы 633 539 бас жануар вакцинацияланып, 208 984 бас малдан қан сынамасы алынып, диагностикалық зерттеулер жүргізілген. Зерттеу нәтижесінде аса қауіпті жануарлар аурулары анықталған жоқ. Сонымен қатар ветеринариялық инфрақұрылымды дамыту, материалдық-техникалық базаны нығайту және жаңа ветеринариялық станциялар мен мал қорымдарын салу жоспарлары таныстырылды.
    Келесі кезекте табиғатты қорғау және экологиялық ахуалды жақсарту бағытындағы жұмыстар қаралды. Атап айтқанда, «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы аясында өңірде атқарылып жатқан санитарлық тазалық, абаттандыру, көгалдандыру және қалдықтарды басқару шаралары туралы ақпарат берілді. Сондай-ақ «Қошқар-Ата» қалдық қоймасының айналасында жасыл қорғаныш аймағын қалыптастыру, елді мекендерді құм көшкінінен қорғау, орман қорын молайту, ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды сақтау және Каспий теңізінің экологиялық мәселелерін шешу бағытындағы жобалар таныстырылды.
    Бұдан бөлек, дәстүрлі жиындарды өткізу мәселесі бойынша Маңғыстау облысының орталық «Бекет ата» мешітінің имамы Қайрат Маманбаев сөз сөйлеп, екі маңызды бағыт бойынша ұсыныстарын ортаға салды.
    Бірінші бағыт – «Ас беру – сауапты іс» тақырыбына арналды. Бұл ретте марқұмдарды еске алуға арналған дәстүрлі жиындарда, атап айтқанда жаназа, үші, жетісі, қырқы және жыл асы кезінде дастархан мәзірін бірізділікке келтіру мәселесі көтерілді.
    Екінші бағыт – «Той – тәрбие мен тағылымның жиыны» тақырыбы аясында қаралды. Қазақ халқының тойы тек қуаныштың ғана емес, тәрбие мен тағылымның да ордасы екені атап өтілді. Сонымен қатар, тойдың мазмұнды әрі өнегелі өтуінде ұлттық салт-дәстүрді жетік білетін, білікті де білімді асабаның рөлі ерекше екені айтылды.
    Отырыс барысында көтерілген мәселелер бойынша пікір алмасып, ұсыныстар назарға алынды. Қоғамдық кеңес мүшелері өңірдің дамуына, табиғи байлықтарды сақтауға, ветеринариялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге және ұлттық құндылықтарды дәріптеуге бағытталған бастамалардың маңыздылығын атап өтті.
    Қоғамдық кеңес өңірдегі өзекті мәселелерді талқылау, қоғамдық бақылауды жүзеге асыру және тұрғындардың ұсыныс-пікірлерін ескеру бағытындағы жұмыстарын жалғастырады.

    Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз

    Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.

    Ұқсас материалдар

    "Маңғыстау облыстық мәслихатының аппараты" жаңалықтары