Бүгін Азаматтарды қабылдау орталығында Қазақстан Республикасының Экология және табиғи ресурстар министрі Әлібек Қуантыров азаматтарды жеке қабылдады.
Қабылдау онлайн және офлайн форматтарда өтті. Кездесу барысында экологиялық қауіпсіздік, табиғатты қорғау заңнамасын жетілдіру, тұрақты туризмді, биоэкономиканы және орман шаруашылығын дамыту мәселелері бойынша өтініштер қаралды.
Онлайн форматта Түркістан облысы Сайрам ауданындағы екі нысанда мұнай шламымен ластанған жерлерді қалпына келтіру (ремедиация) қажеттілігі мәселесі көтерілді. Бұл Тассай-Ақсу жер асты су кен орнының ластану қаупімен байланысты.
Аталған өтініш бойынша Министр вице-министрге және Түркістан облысы Экология департаментінің басшысына жағдаймен жеке танысуды, оқиға орнына баруды ұйымдастыруды және тиісті шаралар қабылдауды жедел тапсырды. Экологиялық кодекске сәйкес, экологиялық залалды жою міндеті оны келтірген тұлғаларға жүктеледі.
Сондай-ақ Іле-Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің аумағында тұрақты туризмді дамытуға арналған пилоттық жоба таныстырылды. Бастама аясында төмен көміртекті туристік маршрут құру, экологиялық көлікті енгізу және туристік ағындарға цифрлық мониторинг жүргізу көзделген.
Офлайн форматта қоғамдық тыңдаулар өткізу қағидаларын жетілдіру, сондай-ақ жер қойнауын пайдаланушыларға қатысты уәкілетті органдардың өкілеттіктері жөніндегі ұсыныстар талқыланды.
Сонымен қатар Қазақстанның орман шаруашылығын дамыту перспективалары қаралды. Атап айтқанда, саланы басқаруды орталықтандыру, орманды қалпына келтіру, кадрлар даярлау, орман ғылымын дамыту, заңнаманы жетілдіру және ғылыми қоғамдастықпен өзара іс-қимыл мәселелері талқыланды. Бұдан бөлек, Қазақстан орманшылары қауымдастығын және «Орман» мамандандырылған журналын құру мәселелері көтерілді.
Барлық өтініштер бойынша қабылдауға қатысушыларға тиісті түсініктемелер берілді. Министр бейінді құрылымдық бөлімшелерге айтылған ұсыныстар мен өтініштерді өз құзыреті шегінде қарауды тапсырды.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.









