Ақкөлде Қытайға экспорттауға арналған жем ұны өндірісі іске қосылды

    1 / 4

    Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов Ақкөл ауданына жұмыс сапары барысында «МКМ Евразия» ЖШС-не барып, кәсіпорынның қызметімен және жем ұнын өндіретін жаңа цехтың техникалық іске қосылу барысымен танысты.

    Кәсіпорынның негізгі қызметі — астықты сақтау және қоймалау, сондай-ақ жем ұнын өндіру. Астық тазалау жабдықтарын жаңғыртып, жаңарту нәтижесінде элеватордың астықты бір мезгілде сақтау қуаты 30 мың тоннаға жетті.

    Қазіргі уақытта кәсіпорында жаңа өндірістік цехтың технологиялық жабдықтарын іске қосу жұмыстары жүргізілуде. Өнім әзірге сынақ режимінде сағатына 2 тонна көлемінде шығарылуда. Іске қосу-баптау жұмыстары аяқталып, жабдық жобалық қуатына шыққаннан кейін өндіріс көлемін сағатына 30 тоннаға дейін арттыру жоспарланып отыр.

    Жаңа цех жылына 96 мың тоннаға дейін шикізатты өңдеуге мүмкіндік беріп, қосылған құны жоғары әрі сұранысқа ие өнім шығаруды қамтамасыз етеді. Дайын өнімді өткізудің негізгі нарығы Қытай Халық Республикасы болады.

    «Кәсіпорын ұжымын экспортқа шығаруға арналған Ақкөлдің алғашқы жем ұнын өндірумен құттықтаймын! Ақмола облысы — еліміздің жетекші астықты өңірлерінің бірі. Бүгінгі міндетіміз — астық өсірумен ғана шектелмей, оны терең өңдеуді дамыту. Бұл қосылған құны жоғары өнім өндіруге, экспорттық мүмкіндіктерді кеңейтуге, жаңа жұмыс орындарын ашуға және өңір экономикасын нығайтуға жол ашады. Кәсіпорындарымыз шикізат экспортынан дайын өнім өндіруге біртіндеп көшіп, жаңа нарықтарды игеруі маңызды», — деді Марат Ахметжанов.

    Жобаның жүзеге асырылуы Ақкөл ауданының өнеркәсіптік әлеуетін нығайтуға, ауыл шаруашылығы шикізатын өңдеу мүмкіндіктерін кеңейтуге және өңір өнімдерінің экспорттық бәсекеге қабілеттілігін арттыруға мүмкіндік береді.

    Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз

    Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.

    Ұқсас материалдар

    "Ақмола облысының әкімдігі" жаңалықтары