Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 35 жылдығы қарсаңында Қазақстанның Әзербайжандағы Елшісі Әлім Байел Баку қаласындағы жоғары оқу орындарында білім алып жатқан қазақстандық студенттермен кездесті.
Ә. Байел қазақ-әзербайжан қатынастарының жалғасып жатқан дамуының негізгі белестеріне тоқталып, екі ел арасындағы гуманитарлық және білім беру салаларындағы байланыстарды нығайтудың маңыздылығын атап өтті.
Кездесу барысында білімгерлерге Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауының негізгі тұжырымдары да түсіндірілді. Дипломаттың айтуынша, Қазақстан Үкіметі жоғары білікті мамандар даярлау бағытында жүйелі жұмыс жүргізіп келеді. Бұл ретте шетелде, оның ішінде мемлекетаралық бағдарламалар аясында білім алып жатқан жас қазақстандықтарға үлкен үміт артылып отыр.
Елші студенттерге алдағы уақытта да жан-жақты қажетті қолдау көрсетуге дайын екенін жеткізіп, оларды Бакудағы Қазақстан Елшілігі ұйымдастыратын іс-шараларға белсенді атсалысуға шақырды. Осы орайда алдағы кезеңде бірқатар іс-шара өткізу жоспарлары, оның ішінде Тәуелсіздік күнін мерекелеу мәселесі де талқыланды.
Кездесу соңында Ә. Байел жас отандастарға шетелде жүргенде достық, бірлік және өзара қолдаудың маңыздылығын еске салды. Өз кезегінде білімгерлер Елшілік ұжымына көрсетіліп келе жатқан қолдау және туындаған мәселелерді шешуге жәрдемдескені үшін алғыс білдірді.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.








