Қазақстанның Бакудағы Елшілігінде Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауына және қазақ-әзербайжан ынтымақтастығын дамыту мәселелеріне арналған дөңгелек үстел өтті.
Іс-шараға Қазақстан Республикасының Әзербайжандағы Елшісі Әлім Байел, Әзербайжан Республикасы Милли Мәжілісінің депутаты Азер Аллахверянов, Оңтүстік Кавказды зерттеу орталығының директоры Фархад Мамедов, «Оңтүстік Кавказ» саясаттанушылар клубының жетекшісі Ильгар Велизаде, Кавказ тарихы орталығының директоры Ризван Гусейнов, CASPIA Analytics талдау орталығының директоры Орхан Йолчуев, BIZ CLUB зияткерлік платформасының негізін қалаушысы Мурад Сададдинов, «Атлас» зерттеу орталығының басшысы Эльхан Шаиноглу, «vesti.az» сайтының бас редакторы, геосаяси шолушы Ниджат Гаджиев, «Шын балама» партиясының төрағасы Натиг Джафарли, Халықаралық қатынастар мен мультикультурализмді талдау орталығының сарапшысы Роза Байрамлы, сондай-ақ дипломатиялық корпус өкілдері қатысты.
Елші Әлім Байел әзербайжандық сарапшыларды Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауының негізгі тезистерімен таныстырды. Атап айтқанда, дипломат инфрақұрылымды ауқымды жаңғырту және «Халықтық құрылыс» бағдарламасын іске қосу, Қазақстанның көлік-логистикалық әлеуетін дамыту, сондай-ақ экономиканы жедел цифрландыру мәселелеріне тоқталды. Елші Қазақстанның жасанды интеллект жөніндегі министрлікті алғашқылардың бірі болып құрғанын атап өтіп, елдің IT-технологиялар саласындағы жетістіктері туралы айтып берді.
Дипломат сондай-ақ 2026 жылғы қазанда өткен АӨСШК-нің VII Саммитіне қатысу мақсатында Президент Тоқаевтың Бакуға жасаған сапарының қорытындыларына тоқталды. Қазақстан мен Әзербайжан тараптарының бірлескен күш-жігерінің арқасында Әзербайжанның осы ұйымға төрағалық ету мерзімін ұзарту және оның Бас хатшысы лауазымына Әзербайжан өкілін тағайындау туралы шешім қабылданды. Фархад Мамедов бұл шешімге түсініктеме бере отырып, оны Әзербайжан дипломатиясының Азия кеңістігіндегі қызметін жандандыру жолындағы табысты қадам ретінде бағалады.
Елші ірі бірлескен жобалардың маңыздылығын атап өтіп, аталған сапар аясында талшықты-оптикалық байланыс желісінің ашылғанын айтты. Бұл жоба Транскаспий кеңістігіндегі алғашқы табысты іске асырылған инфрақұрылымдық жоба болды. Ә. Байелдің пікірінше, оның ізін ала басқа да маңызды инфрақұрылымдық бастамалар жүзеге асырылатын болады. Сонымен қатар Бакуда Мемлекет басшылары Транскаспий халықаралық көлік бағыты бойынша Үкіметаралық келісімге қол қойды, бұл аталған дәліздің мәртебесін жоғарылатты.
Өз кезегінде сарапшылар Президент Қ. Тоқаевтың Жолдауына жоғары баға берді. Екіжақты саяси диалогтың бұрын-соңды болмаған қарқындылығы барлық бағыттар бойынша ынтымақтастықтың өсуіне ықпал етіп, энергетика және көлік салаларындағы бірлескен стратегиялық жобаларды іске асыруға серпін беретіні айтылды.
Милли Мәжіліс депутаты Азер Аллахверянов екі елдің үкіметтік емес ұйымдары арасындағы ынтымақтастықты жандандыруды ұсынып, осы үдерісті парламентаралық өзара іс-қимыл аясында бастау ниетін білдірді. BIZ CLUB зияткерлік платформасының негізін қалаушысы Мурад Сададдинов Қазақстандағы жоғары білім беру жүйесінің жоғары деңгейін атап өтті.
«Қазақстан халықаралық университеттердің жаңа филиалдарын ашу арқылы білім беру әлеуетін жоғары қарқынмен арттырып келеді», – деп мәлімдеді сарапшы.
Соның нәтижесінде соңғы жылдары Қазақстан жоғары оқу орындарында білім алып жатқан әзербайжандық студенттердің саны едәуір артқан.
CASPIA талдау орталығының директоры Орхан Йолчуев көлік-логистика саласындағы ынтымақтастық пен бюрократиялық рәсімдерді қысқартудың маңыздылығына назар аударды. «Шын балама» партиясының төрағасы Натиг Джафарли IT және жасанды интеллект салаларын дамытудың өзектілігін атап өтті. Сонымен қатар белгілі экономист экономиканың дәстүрлі салаларындағы ынтымақтастықты, өнеркәсіптік кооперацияны дамытудың, мұнай өнімдерін бірлесіп өндірудің маңыздылығын айтты.
Іс-шара аясында энергетика және көлік-логистика салаларындағы ынтымақтастық, ғылыми-сараптамалық кооперация, мәдени-гуманитарлық байланыстар мәселелері бойынша сарапшылардың пікірлері тыңдалды.
Кездесу барысында қатысушылар Түркі мемлекеттері ұйымының маңызы артып келе жатқанын атап өтіп, оның болашағына қатысты өз ой-пікірлерімен бөлісті. Сонымен қатар, сарапшылар Әзербайжанның Орталық Азиядағы өзара іс-қимыл форматына қатысуын жан-жақты қолдағаны үшін Қазақстанға алғыс білдірді.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.









