АППАРАТТЫҚ ЖИЫНДА АУЫЛДЫҢ ДАМУЫ МЕН ӘЛЕУМЕТТІК ҚЫЗМЕТ САПАСЫ ТАЛҚЫЛАНДЫ
Бүгін Маңғыстау ауданының әкімі Ерғали Скендировтің төрағалығымен аппараттық жиын өтті.
Жиында Сайөтес ауылдық округінің 2026 жылдың 9 айында атқарған жұмыстары мен алдағы жоспарлары, сондай-ақ аудандық үйде арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығының қызметі қаралды.
Сайөтес ауылдық округінде 409 отбасы, 2 196 тұрғын бар. Есепті кезеңде абаттандыру, жұмыспен қамту және инфрақұрылымды дамыту бағытында жұмыстар атқарылды. Ауылда 1 000 шаршы метр саябақ салынып, 200 жеміс ағашы отырғызылды. Тазалық жұмыстарына 12 адам тұрақты жұмыспен қамтылды. Алдағы жоспарлар қатарында жолдарды асфальттау, су және кәріз жүйелерін жаңарту, спорт кешенін жөндеу мәселелері бар.
Сонымен қатар аудандық үйде арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығының жұмысы баяндалды. Жыл басынан бері 82 адам үйде арнаулы әлеуметтік қызмет алса, қазіргі уақытта 73 азамат тұрақты қолдаумен қамтылған. Оның ішінде 40 бала мен 28 ересек адам бар. Биыл 4 баланың «Балалар инклюзивті академиясында» білім алуына мүмкіндік жасалған.
Жиын қорытындысында аудан әкімі жауапты сала басшыларына ауылдық округтің өзекті мәселелерін шешу, жоспарланған жұмыстардың орындалуын қамтамасыз ету және әлеуметтік қызмет көрсету сапасын арттыру бойынша нақты тапсырмалар берді.
Маңғыстау ауданы әкімінің баспасөз қызметі
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.









