«Семей қаласының орталықтандырылған кітапхана жүйесі» КММ-нің Балалар және жасөспірімдер кітапханасында №6 гимназияның 11 сынып оқушыларының қатысуымен Халық әртісі Бекен Имахановтың туғанына 90 жыл толуына арналған «Естен кетпес естеліктер» атты кітап бенефисі өтті.
Шараға Абай атындағы Семей мемлекеттік қазақ музыкалық драма театрының әртістері, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Бақыт Тоймбаева Ахметжанқызы, ҚР Мәдениет қайраткерлері Әсем Баирова Баймұрзақызы, Бекзат Омашев Қайыркешұлы, ҚР «Мәдениет саласының үздігі», М.Төлебаев атындағы музыкалық училищесінің аға оқытушысы Болат Қамзин Еркінбекұлы, М.Төлебаев атындағы музыкалық училищесінің студенттері және Бекен Имахановтың ұрпақтары қатысты.
Іс-шара басында кітапхана қызметкері тарихи жадыны сақтаудағы және ұрпақтар сабақтастығын нығайтудағы мемуарлық әдебиеттің маңызы туралы әңгімелеп, «Естен кетпес естеліктер» кітабын автордың өмірі мен отандық театр өнерінің тарихы туралы мәлімет беретін құнды дереккөз ретінде таныстырды.
Кездесу барысында қатысушылар бес тақырыптық бөлімнен тұратын басылымның құрылымымен танысты: «Біз де бала болғанбыз», «Қызығы көп, қызуы мол студенттік күндер-ай», «Өмірімнің өзегі – өнер», «Баспасөз беттерінен», «Құттықтаулар, ақ тілектер». Кітап автордың өмірі мен шығармашылық қызметінің әр кезеңін бейнелейтін фотосуреттермен және деректі материалдармен толықтырылған.
Сонымен қатар, автордың туған жер, отбасы, жақын адамдары, өскелен орта және кәсіби қалыптасу кезеңі туралы естеліктеріне ерекше назар аударылды. Басылымның едәуір бөлігі өнерді қастерлеп, бойтұмары еткен сахна шеберінің алпыс жылға жуық үзіліссіз еңбек жасаған киелі қарашаңырағы Абай атындағы облыстық музыкалық-драма театрына арнағаны, автор өз әріптестері жайлы, театр қойылымдары, сахна сыртындағы өмір және театр тарихымен байланысты оқиғалар туралы баяндағаны айтылды.
Кездесу жалғасында іс-шара қонақтары - актердің әріптестері сөз сөйлеп, бірлескен еңбек жолы, театр қойылымдары мен кәсіби қызметтеріне қатысты естеліктерімен бөлісті. Болат Еркінбекұлы Бекен Имахановқа арнап арнайы жазған жүрекжарды арнауын оқып, оның өнердегі болмысы мен театр саласының дамуына қосқан үлесіне тоқталды.
Іс-шара барысында М. Төлебаев атындағы музыкалық училищесінің «Әлеуметтік-мәдени қызмет» бөлімінің студенті Нұрхат Батаев актердің өмірі мен шығармашылығына арналған слайд-тұсаукесер ұсынды. Онда Бекен Имахановтың өмірбаянының негізгі кезеңдері, театр және кино саласындағы қызметі туралы мәліметтер, фотосуреттер мен мұрағаттық деректер таныстырылды.
Қатысушылар кездесу қонақтары мен актердің отбасы мүшелеріне оның өмір жолы, шығармашылығы және өмірбаянының көпшілікке беймәлім тұстары туралы сұрақтарын қойып, мазмұнды әңгіме өрбітті. Сонымен қатар кеш барысында әсем әндер орындалып, рухани кездесудің мазмұны мен сәні арта түсті.
Іс-шара соңында қатысушылар назарына «Өнері – ел есінде, естелігі – жүректе» атты тақырыптық кітап көрмесі ұсынылды. Көрмеге Бекен Имахановтың өмірі мен шығармашылығы туралы материалдар, театр өнерінің тарихына арналған басылымдар, фотосуреттер мен мерзімді баспасөз беттеріндегі жарияланымдар қойылды.
Қалалық орталық кітапхана
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.








