Қазақстан MCGPI жаһандық зейнетақы индексінде: мықты тұстары мен даму бағыттары

    2026 жылы Marsh халықаралық компаниясы CFA Institute-пен бірлесіп, әлемнің 55 елінің зейнетақы жүйесіне бағалау жүргізді. Жер шарындағы халықтың 66%-ы осы елдерде тұрады.

    Бұрын Mercer CFA Institute Global Pension Index деп аталып келген Индекс биыл Marsh CFA Institute Global Pension Index (MCGPI) (бұдан әрі – Индекс) болып жаңа атаумен ұсынылды. Бұл Mercer компаниясының Marsh бірыңғай брендіне өтуіне байланысты. Зерттеудің негізгі мақсаты – әртүрлі елдердің зейнетақы жүйелеріне тәуелсіз салыстырмалы бағалау жүргізу.

    Биыл 18-інші рет өткізіліп отырған зерттеу зейнетақы жүйелерін зейнетақымен қамсыздандыру деңгейі, қаржылық тұрақтылығы мен тұтастығы (сенімділігі, ашықтығы және басқару сапасы) тұрғысынан салыстыруға мүмкіндік береді.

    Зерттеу қорытындысы бойынша Қазақстанның зейнетақы жүйесі рейтингте 29-орынға ие болып, «C+» бағасын алды. Бұл ретте биыл рейтингке қатысушы елдер саны 52-ден 55-ке дейін артқанын атап өткен жөн. Индекске алғаш рет Катар, Доминикан Республикасы және Кения қосылды.

    Еске сала кетейік, Marsh CFA Institute жаһандық зейнетақы индексі зейнетақы жүйелерін 50-ден астам көрсеткішті қамтитын үш қосалқы индекс негізінде бағалайды. Олар: «Лайықтылық», «Тұрақтылық» және «Тұтастық». Аталған көрсеткіштер бойынша зейнетақы жүйелеріне жан-жақты әрі объективті баға беру үшін ЭЫДҰ, Дүниежүзілік банк, Халықаралық еңбек ұйымы, Economist Group зерттеу және талдау бөлімшесі сияқты халықаралық ұйымдардың ашық дереккөздеріндегі мәліметтер де пайдаланылған.

    Аталған қосалқы индекстер мынадай параметрлер мен көрсеткіштерді қамтиды:

    · Лайықтылық (салмағы – 40%): зейнетақы төлемдері, мемлекеттік қолдау, активтердің өсуі, тұрғын үйге иелік ету, жинақтар және зейнетақы жүйесінің құрылымы;

    · Тұрақтылық (салмағы – 35%): демографиялық ахуал, экономикалық өсім, мемлекеттік борыш, зейнетақымен қамсыздандыру, мемлекеттік шығыстар және жиынтық активтер;

    · Тұтастық (салмағы – 25%): коммуникация, басқару, эксплуатациялық шығындар, қорғау және реттеу.

    Қазақстанның зейнетақы жүйесінің мықты тұстары

    Қазақстан MCGPI жаһандық зейнетақы индексінің «Тұтастық» қосалқы индексі бойынша 83 балл жинап, өткен жылғы нәтижесін 1,9 балға жақсартты. Бұл көрсеткіш зейнетақы жүйесін реттеу мен басқару сапасын, қатысушыларының құқықтарын қорғау мен ақпараттандыру деңгейін, сондай-ақ операциялық шығындарды қамтиды. Аталған бағыт бойынша Қазақстан Дания, Оңтүстік Корея, Ұлыбритания, Жапония және АҚШ сияқты бірқатар дамыған елдерден жоғары нәтиже көрсетті.

    «Тұрақтылық» қосалқы индексі бойынша да оң динамика байқалды: Қазақстанның көрсеткіші 74,2 балдан 74,4 балға дейін өсті. Бұл индекс зейнетақы жүйесінің демографиялық және экономикалық факторларын, жұмыспен қамту деңгейін, зейнетақыға жұмсалатын мемлекеттік шығыстарды, зейнетақы активтерінің жиынтық көлемін, сондай-ақ жинақтаушы зейнетақы жүйесінің даму қарқынын ескереді. Қазақстанның осы бағыттағы нәтижесі Швейцария, Канада, Норвегия, Финляндия, Франция және АҚШ сияқты көптеген елдердің көрсеткіштерінен жоғары.

    Зейнетақымен қамсыздандырудың лайықтылық деңгейін бағалайтын «Лайықтылық» қосалқы индексі бойынша Қазақстан 44,9 балл жинады. Дәл осы бағыт зейнетақы жүйесін одан әрі жетілдіруді қажет ететін негізгі салалардың бірі болып отыр.

    Осылайша, Қазақстанның қорытынды бағасы қосалқы индекстер бойынша алынған нәтижелерді олардың үлес салмағына сәйкес есептеу арқылы қалыптасты:

    · «Лайықтылық» қосалқы индексі бойынша – 44,9 балл (2025 жылы – 47,0 балл);

    · «Тұрақтылық» қосалқы индексі бойынша – 74,4 балл (2025 жылы – 74,2 балл);

    · «Тұтастық» қосалқы индексі бойынша – 83,0 балл (2025 жылы – 81,1 балл).

    Қазақстандық зейнетақы жүйесінің қорытынды бағасының өзгеруі: нені ескеру маңызды?

    Қазақстанның жалпы көрсеткіші 64,8 балды құрады (2025 жылы – 65,0 балл). Есепте бұл өзгеріс ерікті зейнетақы жарналарына салық салу тәртібінің өзгеруімен байланысты екені атап өтілген.

    Сонымен қатар аталған өзгерістер Қазақстан Республикасының 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енген жаңа Салық кодексін қабылдауына және EET салық салу моделінен TEE моделіне көшуіне байланысты екенін ескеру қажет. Бұл зейнетақы жинақтарына салық салу тәсілінің түбегейлі өзгергенін білдіреді. Бұрын зейнетақы жарналары салықтан аударылған кезде, ал инвестициялық табыс жинақталған кезеңде босатылып, жеке табыс салығы (ЖТС) зейнетақы төлемдерін алатын кезде ұсталатын. Енді салық жарналарды аударған кезде салынады. Бұл ретте инвестициялық кіріс пен кейін жүзеге асырылатын зейнетақы төлемдері ЖТС-тан босатылады.

    Осылайша, бұл зейнетақымен қамсыздандыру талаптарының нашарлағанын емес, салық салу моделінің өзгергенін білдіреді. Жаңа тәсілдің арқасында жинақталған инвестициялық кірісті қоса алғанда, зейнетақы төлемдері ЖТС ұсталмай жүзеге асырылады.

    Осыған байланысты Қазақстанның жалпы көрсеткішіндегі өзгерісті халықаралық рейтинг әдіснамасының ерекшеліктерін ескере отырып қарастырған жөн. Өйткені салық режимінің өзгеруі зейнетақы жүйесінің тиімділігі немесе тұрақтылығы деңгейінің төмендегенін білдірмейді.

    Халықаралық сарапшылардың ұсынымдары

    MCGPI есебінде зейнетақы жүйелерін одан әрі дамытуға қатысты ұсынымдар берілген. Сарапшылар Қазақстанға қатысты мынадай ұсыныстар жасаған:

    · зейнеткерлердің әлеуметтік осал санаттарын қолдаудың ең төменгі деңгейін арттыру;

    · азаматтарды зейнетақы жинақтарын көбейтуге ынталандыру;

    · өмір сүру ұзақтығының артуын ескере отырып, егде жастағы адамдардың еңбек қызметіне қатысу мүмкіндіктерін кеңейту;

    · зейнетақы жүйесіне қатысушыларға жыл сайын берілетін үзінді көшірмелерде болашақ зейнетақы төлемдерінің болжамды мөлшерін көрсету.

    Айта кетерлігі, Қазақстанға қатысты ұсынымдар тізімінен зейнетақы жинақтарын мерзімінен бұрын алу мүмкіндігін шектеу арқылы мұндай алуларды қысқарту туралы тармақ алынып тасталған. Бұл ең төменгі жеткіліктілік шектерінің жаңартылуына байланысты. Соның нәтижесінде азаматтардың зейнетақы жинақтарын мерзімінен бұрын алу көлемі айтарлықтай қысқарды.

    Жаһандық зейнетақы индексіндегі көшбасшы елдер

    2026 жылдың қорытындысы бойынша MCGPI жаһандық зейнетақы индексінде 85,8 балл жинаған Нидерланды көш бастады. Екінші орынды 84,1 баллмен Дания, үшінші орынды 84,0 баллмен Исландия иеленді. Бұл үш ел де «А» санатындағы бағаларын сақтап, зейнетақы жүйелерін бағалаудың негізгі бағыттары бойынша жоғары нәтиже көрсетті.

    Индекске енгізілген 55 зейнетақы жүйесі бойынша орташа көрсеткіш 65,3 балды құрады. Бұл 2025 жылғы көрсеткішпен (64,5 балл) салыстырғанда 0,8 балға жоғары.

    Әлемдік үрдістер және зейнетақы жүйелерін дамытудың жаңа бағдарлары

    MCGPI есебінде әлемдегі зейнетақы жүйелерінің дамуына ықпал ететін жаһандық үрдістер де атап өтілген. Олардың қатарында туу деңгейінің тұрақты төмендеуі, өмір сүру ұзақтығының артуы және халықтың қартаюы бар. Соның салдарынан еңбекке қабілетті халық санының егде жастағы адамдар санына шаққандағы арақатынасы төмендеп, мемлекеттік бюджеттер мен зейнетақымен қамсыздандыру жүйелеріне түсетін жүктеме артып келеді. Болжамдарға сәйкес, алдағы онжылдықта бұл үрдіс сақталып, одан әрі күшейе түспек.

    Сонымен қатар есепте халықтың қартаюының салдарын жеңілдетуге ықпал ететін өзара байланысты бірқатар үдеріс атап өтілген. Олардың қатарында салауатты өмір сүру ұзақтығының (HALE – Healthy Life Expectancy) артуы, егде жастағы адамдардың, оның ішінде 65 жастан асқандардың жұмыспен қамтылу деңгейінің өсуі, көші-қонның халықтың жас құрылымына оң ықпалы, сондай-ақ жұмыспен қамтудың икемді модельдерінің таралуы мен зейнеткерлікке кезең-кезеңімен шығу тәжірибесінің кеңеюі бар.

    Мұндай өзгерістер зейнетақы жүйелерін жаңа жағдайларға бейімдеуді талап етеді. Атап айтқанда, зейнеткерлік жас пен еңбек қызметінің ұзақтығына қатысты тәсілдерді қайта қарау, болашақ зейнетақы міндеттемелерін қаржыландыру тиімділігін арттыру және жинақтаушы зейнетақы тетіктерін дамыту қажеттілігі артып келеді. Көптеген елдердегі болашақ зейнетақы төлемдерінің көлемі аударылатын жарналардан асып түсуі мүмкін жағдайлар зейнетақы жүйелерінің қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз етуде ерекше маңызға ие болып отыр.

    Есепте зейнетақы қорларының инвестициялық стратегияларына да назар аударылған. Зейнеткерлік кезеңнің ұзақтығы артқан сайын тәуекелдерді басқарудың, өтімділікті қамтамасыз етудің және жинақтарды сақтаудың маңызы арта түседі. Бұл ретте қатысушылардың жасын және зейнеткерлікке шығуға дейінгі уақытты ескеретін стратегияларды қоса алғанда, икемді инвестициялық тәсілдерді дамытуға ынталандырады.

    Осылайша, халықаралық тәжірибе зейнетақы жүйесінің тұрақтылығы тек қазіргі зейнетақы төлемдерінің деңгейімен емес, сонымен қатар демографиялық, экономикалық және әлеуметтік өзгерістерге уақытылы бейімделу қабілетімен де айқындалатынын көрсетеді. Осы тұрғыдан алғанда, Индекс нәтижелері Қазақстанға өзінің зейнетақы моделін халықаралық тәжірибемен салыстыруға және жүйені одан әрі дамыту барысында жаһандық үрдістерді ескеруге мүмкіндік береді.

    БЖЗҚ 2013 жылғы 22 тамызда «ГНПФ» ЖЗҚ» АҚ негізінде құрылды. БЖЗҚ құрылтайшысы жәнеакционері – Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің «Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті» ММ арқылы Қазақстан Республикасының Үкіметі. БЖЗҚ зейнетақы активтерін сенімгерлікпен басқаруды Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі жүзеге асырады. Зейнетақы заңнамасына сәйкес БЖЗҚ міндетті зейнетақы жарналарын, жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналарын, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын, ерікті зейнетақы жарналарын тартуды, сондай-ақ "Қазақстан Республикасының екінші деңгейдегі банктерінде орналастырылған депозиттерге міндетті кепілдік беру туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес депозиттерге міндетті кепілдік беруді жүзеге асыратын ұйым аударған кепілдік берілген депозит бойынша кепілдік берілген өтемнің талап етілмеген сомасы есебінен қалыптастырылған ерікті зейнетақы жарналарын есепке алып, оның есебін жүргізеді, зейнетақы төлемдерін жүзеге асыруды қамтамасыз етеді. Сондай-ақ Қор нысаналы активтер мен нысаналы талаптарды есепке алуды, нысаналы жинақтау шоттарына нысаналы жинақтарды (НЖ) есепке алу мен есептеуді, НЖ төлемдерін оларды алушының банк шоттарына есептеуді, "Ұлттық қор – балаларға" бағдарламасы шеңберінде Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған тәртіппен НЖ қайтарымдарын есепке алуды жүзеге асырады (толығырақwww.enpf.kz сайтында).

    Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз

    Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.

    Ұқсас материалдар

    "Семей қаласының әкімдігі" жаңалықтары