Жүректен шыққан жырлар

    1 / 5

    «Семей қаласының орталықтандырылған кітапхана жүйесі» КММ-нің №12 кітапхана-бөлімшесінің қызметкерлері Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының қызмет алушылары және Жоғары көпсалалы колледжі студеттері мен №30 мектептің 8 сынып оқушыларының қатысуымен ақын Медет Демежановтың «Ақгүлім» жыр жинағы бойынша «Жүректен шыққан жырлар» атты кездесу кешін өткізді.

    Іс-шараға ақын, журналист және мерекелік іс-шара жүргізушісі Медет Демежанов қатысты.

    Кеш басында кітапхана қызметкері ақын Медет Демежановтың өмірі мен шығармашылық жолы, қазақ әдебиетіндегі орны туралы қысқаша мәлімет берді. Ақынның «Ақгүлім» жыр жинағына тоқталып, ондағы өлеңдердің негізгі тақырыптары мен көтерген мәселелеріне шолу жасады. Сонымен қатар ақынның «Тағдыр» және «Ақгүлім» атты өлеңдеріне жасанды интеллект көмегімен әзірленген анимациялық бейнебаяндар қатысушылар назарына ұсынылды.

    Іс-шара жалғасында қатысушылар автордың «Шығыс шұғыласы» және «Өлең өрімі» әдеби жинақтарындағы жарияланымдарымен, сондай-ақ «Ертіс өңірі» газетіндегі әдеби қызметкер ретіндегі кәсіби қызметімен танысып, автордың қазақстандық әртістердің орындауындағы ән мәтіндерінің авторы ретінде де танымал екенін білді.

    Кездесу барысында іс-шара қонағы Медет Демежанов «Ақгүлім» кітабының жазылу тарихы, оның идеялық мазмұны мен көркемдік ерекшеліктері туралы әңгімеледі. Қатысушыларды «Тағзым», «Тарту» және «Әр ізіме гүл көктеп» атты үш бөлімнен тұратын жинақтың құрылымымен таныстырды. Бұл бөлімдерде адами сезімдер, туған өлкеге деген сүйіспеншілік, достық және адамгершілік құндылықтар көрініс тапқан. Сондай-ақ автор Абайдың рухани мұрасына арналған және «Ұлы дала» облыстық әдеби байқауында жүлделі орын алған 180 шумақтан тұратын өлеңі туралы айтып, «Көктүрік» жинағын таныстырды.

    Медет Демежанов жастардың дүниетанымын қалыптастырудағы кітап оқудың маңызына ерекше назар аударып, қатысушыларды қазақ әдебиетіне қызығушылық танытуға және ұлттық рухани мұраны бағалауға шақырды.

    Іс-шара соңында ақынның өз орындауында өлеңдері оқылып, әндері шырқалды.

    Қалалық орталық кітапхана

    Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз

    Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.

    Ұқсас материалдар

    "Семей қаласының әкімдігі" жаңалықтары