Қазақстанның туристік әлеуеті Индонезияда таныстырылды

    1 / 11

    Джакарта, 2026 жылғы 24 қараша- Қазақстанның туристік әлеуетін ілгерілету мақсатында Джакарта қаласында «DiscoverKazakhstan:AJourneyBeyondExpectations» («Қазақстанмен танысыңыз:күткеніңізден де асып түсетін саяхат»)тақырыбында дөңгелек үстел өтті.Аталған жиынғаИндонезияның туризм және сыртқы істер министрліктерінің, Индонезия туристік агенттіктер қауымдастығының (ASTINDO) өкілдері, туризм саласының сарапшылары, блогерлер мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

    Кездесудің негізгі мақсаты Қазақстанды халықаралық туризмнің перспективалы бағыты ретінде кеңінен таныстыру, екіжақты байланыстарды нығайту және екі елдің туристік индустриялары арасындағы ынтымақтастықты кеңейту болды.

    Іс-шара барысында Қазақстанның Индонезиядағы Елшісі Сержан Әбдікәрімов сөз сөйлеп, Қазақстан Тәуелсіздігінің 35 жылдығы қарсаңында еліміздің әлеуметтік-экономикалық трансформация саласында елеулі нәтижелерге қол жеткізіп, халықаралық аренадағы ұстанымын дәйекті түрде нығайтып келе жатқанын, сондай-ақ шетелдік әріптестермен ынтымақтастықты дамыту үшін жаңа мүмкіндіктер ашып отырғанын атап өтті.

    Осы ретте Мемлекет басшысының «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауында айқындалған стратегиялық даму басымдықтарына, инфрақұрылымды жаңғыртуға, экономиканы цифрландыруға, сондай-ақ халықаралық бизнес пен туризмді дамыту үшін қолайлы жағдайлар қалыптастыруға ерекше назар аударылды. Сонымен қатар жоғары деңгейдегі екіжақты байланыстардың қарқынды дамуы сауда, инвестиция, білім, мәдениет және туризм салаларындағы ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуге берік негіз қалайтыны атап өтілді.

    Іс-шараның негізгі бөлігі Қазақстанның бірегей туристік әлеуеті мен табиғи-мәдени алуандығын таныстыруға арналды.Қатысушыларға Алматының көркем тау ландшафтары мен «Шымбұлақ» тау шаңғысы курорты, айбынды Шарын шатқалы, Көлсай мен Қайыңдының мөлдір көлдері, «Бурабай» ұлттық паркі, Маңғыстаудың таңғажайып табиғи көріністері, сондай-ақ ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енгізілген Қожа Ахмет Ясауи кесенесі орналасқан Түркістанның тарихи-рухани мұрасы таныстырылды.

    Ұлы даланың бай мұрасына, көшпелі өркениетке, қазақ халқының қонақжай дәстүрлеріне, сондай-ақ этнографиялық, экологиялық, шытырман оқиғалы, гастрономиялық және діни туризмді дамыту мүмкіндіктеріне ерекше назар аударылды. Қазақстанның туристерге жылдың кез келген мезгілінде сан алуан әсер сыйлай алатыны атап өтілді. Атап айтқанда, көктемгі қызғалдақ гүлдеу кезеңінен бастап, күзгі Алматы апортының маусымына дейін, ұлттық парктерге жазғы саяхаттардан бастап, таулардағы қысқы демалысқа дейінгі туристік мүмкіндіктер кеңінен таныстырылды.

    Кездесу барысында Индонезияның туристік компанияларымен, блогерлерімен және журналистерімен практикалық ынтымақтастықты дамыту перспективаларына да баса назар аударылды. Елші таныстыру сапарларын ұйымдастыруға, бірлескен жарнамалық науқандар өткізуге, тақырыптық жарияланымдар мен бейнематериалдар әзірлеуге, сондай-ақ екі елдің туристік операторлары арасында тікелей әріптестік байланыстар орнатуға мүдделілік білдірді. Сонымен қатар Джакарта мен Қазақстанның ірі қалалары арасындағы халықаралық авиациялық хабтар арқылы жүзеге асырылатын әуе қатынасының негізгі бағыттары таныстырылды.

    Қатысушыларға Қазақстанның табиғи байлығы, заманауи инфрақұрылымы, мәдениеті мен туристік көрікті жерлері бейнеленген фотокөрме мен бейнетаныстырылым, сондай-ақ ұлттық тағамдары ұсынылды.

    Дөңгелек үстел Қазақстан мен Индонезия арасындағы ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге деген өзара мүдделілікті растады. Туризм экономикалық өсудің маңызды факторы ғана емес, сонымен қатар халықтық дипломатияны дамытуға, мәдени алмасуды ілгерілетуге және екі ел халықтары арасындағы достық қарым-қатынастарды нығайтуға ықпал ететін тиімді құрал болып табылатыны атап өтілді.

    Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз

    Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.

    Ұқсас материалдар

    "Қазақстан Республикасының Индонезия Республикасындағы Елшілігі" жаңалықтары