Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек Instagram парақшасында жаңадан салынып жатқан мектептер туралы жазды, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
«Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, білім беру жүйесін кешенді түрде дамытып жатырмыз. Педагог мамандарын даярлауға басымдық беріп, жаңа оқу орындарын саламыз, сол сияқты педагогикалық мамандықтар бойынша білім алуға гранттар бөлеміз.
Мәселен, соңғы жылдары жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімі бар мамандарды даярлауға 1,5 мыңға жуық грант бөлінді. Қазіргі уақытта қала әкімдігінің гранты бойынша педагогикалық мамандықтарда 2 мыңға жуық студент білім алып жатыр.
Сонымен қатар, педагог кадрларын даярлау жүйесін дамыту мақсатында Гуманитарлық колледж базасында Педагогикалық институт құрылды. Қазіргі уақытта институтта 4,5 мыңнан астам студент білім алып жүр.
Жаңа оқу жылы ішінде тағы 21 мектеп салу жоспарланып отыр. Бұл білім беру ұйымдары бір ауысымда 41,5 мыңға жуық оқушы орнын ашуға мүмкіндік береді. Білім беру нысандарын салуға жеке инвестициялар да тартамыз.
Қазіргі оқу жылында 12 мектеп салу жоспарланған. Оның тоғызы қазірдің өзінде жұмыс істеп тұр.
Соңғы үш жылда рекордты көрсеткішке қол жеткізіп, 44 мектеп салдық. Оның 24-і Мемлекет басшысының «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында бой көтерді.
Осылайша, қабылданып жатқан шаралар оқушы орындарының тапшылығын азайтуға, білім берудің қолжетімділігін қамтамасыз етуге және балалардың сапалы білім алуына қажетті жағдай жасауға бағытталған», – деп жазды елорда әкімі.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.








