Абай облысында радикалды идеологиялардың таралуына жол бермеуге және халықтың құқықтық сауаттылығын арттыруға бағытталған профилактикалық жұмыстар жалғасуда.Осы бағыттағы іс-шаралардың бірі ретінде ақпараттық-түсіндіру тобының мүшелері еңбек мигранттарымен тікелей жұмыс орындарында бірқатар кездесу өткізді.
Мамандардың назарында Қазақстан Республикасының заңнамасын білу, ақпараттық қауіпсіздікті сақтау және азаматтардың радикалды діни ағымдардың ықпалына түсуінің алдын алу мәселелері болды.
Кездесулер барысында сарапшылар шетел азаматтарының құқықтары мен міндеттерін, ел аумағында болу және еңбек қызметін жүзеге асыру талаптарын, сондай-ақ заң бұзушылықтар үшін көзделген жауапкершілікті түсіндірді. Сонымен қатар интернет кеңістігінен туындайтын экстремистік және террористік қауіп-қатерлерге ерекше назар аударылды.
Ақпараттық-түсіндіру тобының өкілдері қазіргі таңда деструктивті топтарға тарту әрекеттері көбіне әлеуметтік желілер мен мессенджерлердегі қарапайым қарым-қатынастан басталатынын атап өтті. Жекелеген тұлғалар діни тәлімгерлік, рухани қолдау немесе көмек көрсету сылтауымен радикалды көзқарастарды таратып, адамдардың санасына манипуляциялық ықпал жасайды. Осылайша, әңгімелесушілерін біртіндеп жабық топтарға тартуға тырысады.
«Діни білім ретінде ұсынылатын ақпараттың барлығы бірдей шынайы әрі сенімді бола бермейтінін түсіну маңызды. Ақпаратқа сыни көзқараспен қарап, оның дереккөзін тексеру қажет. Әсіресе өшпенділік пен араздықты қоздыруға, қоғамдық құндылықтарды жоққа шығаруға немесе заң талаптарын бұзуға үндейтін белгісіз уағызшылардың сөзіне сенуге болмайды», – деп атап өтті мамандар.
Сондай-ақ қатысушыларға цифрлық қауіпсіздік талаптарын сақтау қажеттігі ескертілді. Атап айтқанда, күмәнді аудио және бейнематериалдарды таратпау, жеке деректерді бейтаныс адамдарға бермеу және күмәнді интернет-қауымдастықтардан аулақ болу жөнінде түсіндірілді. Бұдан бөлек, заңмен тыйым салынған ақпаратты тарату және құқыққа қайшы әрекеттерге қатысу үшін көзделген жауапкершілік мәселелері қозғалды.
Кездесулер біржақты дәріс форматында ғана өткен жоқ. Еңбек мигранттары өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, өзекті мәселелерді мамандармен ашық талқылауға мүмкіндік алды. Мұндай диалог форматы нақты мәселелерге тоқталып, ықтимал қауіптердің алдын алуға бағытталған түсіндіру жұмыстарын жүргізуге жол ашты.
Кездесу соңында мамандар құқықтық сауаттылық, діни мәселелер бойынша сенімді білім және ақпаратты сыни тұрғыдан қабылдау радикалды насихаттан қорғанудың маңызды тетіктері екенін атап өтті. Уақтылы ақпараттандыру, сындарлы диалог және адам құқықтарын құрметтеу арқылы қоғамның деструктивті идеологиялық ықпалға қарсы иммунитеті қалыптасады.
Материал Абай облысының ТҚК ақпараты негізінде дайындалды
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.









