Қазіргі таңда тұрмыстық химиялық өнімдер күнделікті өмірімізде кеңінен қолданылады. Мысалы, үй тазалауға, ыдыс жууға, киім жууға, түрлі беттерді дезинфекциялауға арналған өнімдерді күнделікті пайдаланамыз. Алайда көп жағдайда адамдар бұл өнімдерді сатып алу кезінде олардың құрамына, таңбалануына немесе қауіпсіздік талаптарына аса мән бере бермейді. Негізінен, бұл өте маңызды мәселе. Себебі тұрмыстық химиялық өнімдер дұрыс пайдаланылмаған жағдайда адам денсаулығына кері әсерін тигізуі мүмкін.
Осыған байланысты тұтынушыларға тұрмыстық химиялық өнімдерді дұрыс таңдау, қауіпсіз пайдалану және сақтау ережелерін түсіндіріп өтейік.
Ең алдымен, бұл сала қандай нормативтік құжаттармен реттелетініне тоқталайық:
Қазақстан Республикасында тұрмыстық химиялық өнімдердің қауіпсіздігі бірқатар нормативтік-құқықтық актілермен және заңдармен реттеледі. Атап айтқанда:
- «Химиялық өнімнің қауіпсіздігі туралы» Қазақстан Республикасының Заңы;
- «Техникалық реттеу туралы» Қазақстан Республикасының Заңы;
- Қазақстан Республикасының «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодексі;
- Кеден одағы Комиссиясының 2010 жылғы 28 мамырдағы № 299 шешімімен БЕКІТІЛГЕН Санитарлық-эпидемиологиялық қадағалауға (бақылауға) жатқызылған тауарларға қойылатын бірыңғай санитарлық-эпидемиологиялық және гигиеналық талаптар. ТАРАУ II 12-бөлім. "Өнімді таңбалауға қойылатын талаптар" техникалық регламентін бекіту туралы Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрінің 2021 жылғы 21 мамырдағы № 348-НҚ бұйрығы.
Аталған нормативтік құжаттар мен заңдар химиялық өнімдердің қауіпсіздігіне, олардың айналымына және тұтынушыларды қажетті ақпаратпен қамтамасыз етуге қатысты талаптарды белгілейді.
Келесі кезекте тұтынушылар тұрмыстық химиялық өнімдерді сатып алу кезінде нені ескеруі керек екендігіне тоқталсақ:
Бірінші кезекте, өнімнің таңбалануына назар аудару қажет.
Яғни, сіз сатып алған өнімде өнімнің атауы, қандай мақсатта қолданылатыны, өндіруші туралы ақпарат, жарамдылық мерзімі, сақтау шарттары және пайдалану жөніндегі нұсқаулық міндетті түрде көрсетілуі тиіс.
Сонымен қатар, қаптаманың бүтіндігіне де мән берген жөн. Егер өнімнің құтысы зақымдалған болса, сұйықтығы ағып тұрса немесе қақпағы дұрыс жабылмаса, ондай өнімді сатып алуға кеңес бермейміз.
Ал тұрмыстық химиялық өнімдерді пайдалану кезінде ең алдымен қандай қауіпсіздік шараларын сақтау керек?
Ең бастысы – кез келген химиялық өнімді өндірушінің нұсқаулығына сәйкес пайдалануды ұсынамыз.
Өнімді қолдану кезінде бөлмені желдетіп отырғандарыңыз дұрысырақ. Қажет болған жағдайда қолғап және басқа да жеке қорғаныш құралдарын пайдалану керек.
Тағы бір маңызды мәселе – әртүрлі химиялық өнімдерді бір-бірімен араластырмау. Мысалы, құрамында хлор бар тазартқыш құралдарды қышқылдармен немесе аммиак бар өнімдермен араластыруға болмайды. Себебі мұндай жағдайда адам денсаулығына қауіпті улы газдар бөлінуі мүмкін. Бұл тыныс алу жолдарына кері әсерін тигізіп, улануға әкелуі ықтимал. Сондықтан тазартқыш құралдарды бірге қолданбай, әрқайсысын жеке нұсқаулығына сәйкес пайдаланған жөн.
Келесі маңызды мәселе – тұрмыстық химиялық өнімдерді дұрыс сақтау.
Көп жағдайда тұтынушылар химиялық заттарды ас үйде немесе басқа да қолжетімді жерлерде сақтап жатады. Бұл, әсіресе, кішкентай балалар үшін қауіпті. Сондықтан мұндай өнімдерді түпнұсқалық қаптамасында, қақпағын мықтап жауып, балалардың қолы жетпейтін арнайы жерде сақтау қажет.
Сондай-ақ оларды азық-түлік өнімдерінен, дәрілік заттардан және жылу көздерінен бөлек орында, алысырақ қойыңыздар!
Егер адам химиялық өнімнен уланып қалса немесе өнім теріге, көзге тиіп кетсе, не істеу керек?
·Мұндай жағдайда ең алдымен сабыр сақтап, қауіпсіздік шараларын орындау қажет екендігін ескертеміз.
·Егер химиялық зат теріге немесе көзге тисе, оны дереу мол сумен шайыңыз. Ал өнім кездейсоқ жұтылған жағдайда өз бетіңізше құстыруға әрекет жасамай, медициналық көмекке жүгініңіздер.
·Егер тыныс алу қиындаса немесе уланудың ауыр белгілері байқалса, шұғыл медициналық көмек шақыру керек.
Құрметті тұтынушылар, қорытындылай келе сіздерге айтқымыз келетіні, тұрмыстық химиялық өнімдер күнделікті өмірімізді жеңілдеткенімен, оларды пайдалану кезінде қауіпсіздік талаптарын естен шығармауымыз керек.
Біздің мақсатымыз – тек талаптардың сақталуын бақылау ғана емес, сонымен қатар халықтың қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру және тұрғындардың денсаулығын қорғау.
Дайындаған: Алматы қаласы Әуезов ауданының Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының санитариялық-гигиеналық бақылау, техникалық регламенттер талаптарының сақталуын бақылау бөлімінің бас маманы Рақымжанқызы Гүлназ
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.








