Қазақстанда кредиттер бойынша пайыздарды есептеудің жаңа қағидалары жарияланды

    Қазақстанда кредиттер бойынша жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесін (ЖТСМ) есептеудің жаңа қағидалары қабылданды. Енді банктер мен микроқаржы ұйымдары қарыз алушылардың қосымша шығындарын да есепке алуға міндетті болады. Толығырақ NUR.KZ материалында.

    Қазақстанда банктік қарыздар мен микрокредиттер бойынша сыйақы мөлшерлемелерін есептеудің жаңа қағидалары қабылданды.

    Қаулыға сәйкес, банктер мен микроқаржы ұйымдары (МҚҰ) өздерінің жарнамаларында және шарттарында жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесін (ЖТСМ) сандық мәнде көрсетуге міндетті.

    Бұл ретте мөлшерлеменің көлемі мен безендірілуі, оның ішінде қаріп өлшемі, қалың қаріппен немесе курсивпен жазылуы және түспен ерекшеленуі басқа сыйақы мөлшерлемелерімен бірдей болуы тиіс.

    Осындай талаптар қаржы ұйымдарының ресми сайттары мен мобильді қосымшалардағы пайдаланушылардың жеке кабинеттеріне де қатысты.

    ЖТСМ есептеу кезінде нелер ескерілуі керек?

    Енді жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесін есептеу кезінде негізгі борыш пен пайыздар бойынша төлемдер ғана емес, төмендегі шығындар да ескеріледі:

    • шарт жасалған кезде белгілі болған қарызды беру және оған қызмет көрсету үшін алынатын комиссиялар мен басқа да төлемдер;

    • үшінші тұлғалардың пайдасына төленетін жекелеген шығындар, соның ішінде сақтандыру және кепіл мүлкін бағалау шығындары;

    • кепілдік алу үшін төленетін қаражат және кредит беруге байланысты басқа да қызметтердің құны.

    Маңызды: шарт талаптарын бұзғаны үшін салынатын айыппұлдар мен өсімпұлдар ЖТСМ есебіне енгізілмейді. Сондай-ақ кредиттік карталар бойынша кейбір комиссиялар, мысалы, қолма-қол ақша алу және шетел валютасымен операциялар жүргізу үшін алынатын комиссиялар да есепке алынбайды.

    Егер шарт жасалғаннан кейін оның талаптары өзгеріп, бұл төлемдер мөлшеріне әсер етсе, ЖТСМ қайта есептелуі тиіс. Бұл ретте кредитор негізгі борыштың қалған сомасын ескеруі керек.

    Бұдан бөлек, банктер мен МҚҰ өздерінің ресми сайттарында онлайн-калькуляторларды орналастыруға міндетті. Олардың көмегімен клиенттер ЖТСМ-ді өз бетінше есептеп, қарыздың толық құнын бағалай алады.

    Қазақстанда кредиттер бойынша ЖТСМ-ді өз бетінше есептеу тәртібі туралы толығырақ ақпаратты тиісті материалдан оқуға болады.

    Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз

    Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.

    Ұқсас материалдар

    "Ұзынкөл ауданының әкімдігі" жаңалықтары