Профилактика – мемлекет пен қоғамның ортақ міндеті
ҚР ІІМ Профилактикалық жұмысты үйлестіру комитетінің төрағасы Арман Садановтың "Казахстанская правда" газетіне берген сұхбаттан үзінді.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Ішкі істер министрі Ержан Саденов жұмыстың тәсілін өзгертуді, яғни қылмыстың жасалуын күтпей, қауіп-қатерлерді алдын ала анықтап, олардың туындау себептерін жоюды міндет етіп қойды.
Комитет осы мақсатта құрылды. Біз азаматтардың қауіпсіздігіне әсер ететін мәселелерді кешенді түрде шешу үшін полицияның, әкімдіктердің, білім беру және денсаулық сақтау ұйымдарының, сондай-ақ әлеуметтік қызметтердің жұмысын үйлестіреміз.
Облыстық полиция департаменттерінде профилактикалық жұмысты үйлестіру басқармалары құрылды.
Олар өз өңірлеріндегі өзекті мәселелерді зерделеп, басқа ведомстволармен бірлесіп нақты шешімдер әзірлейді.
Бұл – қауіпсіздікті қамтамасыз етуге деген түбегейлі жаңа көзқарас.
Жасалған құқық бұзушылық үшін жауапкершіліктің бұлтартпастығын қамтамасыз етіп қана қоймай, адамның заң бұзуына жол бермейтін жағдайлар жасау да маңызды. «Заң мен тәртіп» идеологиясының негізгі мәндерінің бірі де осында: құқық бұзушылықтардың алдын алу мемлекет пен қоғамның ортақ міндетіне айналуға тиіс.
Бүгінде елімізде 256 профилактикалық кабинет жұмыс істейді. Олар арқылы 22 мыңнан астам азамат өткен.
Бұл кабинеттердің басты ерекшелігі – кешенді тәсілді қолдану. Адамның өмірлік жағдайына қарай онымен жұмыс істеуге психологтар, наркологтар, әлеуметтік қызметкерлер, педагогтер және басқа да мамандар тартылады. Өйткені құқыққа қайшы мінез-құлықтың артында көбіне тек полиция шараларымен шешу мүмкін емес әлеуметтік немесе жеке мәселелер жатады.
Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алуға ерекше назар аударылады.
Ықтимал қауіп-қатерлерді уақтылы анықтау мақсатында тәуекелдерді бағалаудың ұлттық стандарты енгізілді. Оны қолдану арқылы 58 мың адам тексеріліп, олардың 2 мыңға жуығы жоғары тәуекел тобына жатқызылды. Мұндай азаматтарға қатысты күшейтілген профилактикалық бақылау ұйымдастырылады.
Бірқатар өңірлерде талдамалық құралдардың көмегімен «102» пультіне келіп түскен азаматтардың хабарламаларына талдау жүргізілді. Нәтижесінде құқық бұзушылықтар мен жанжалды жағдайлар туралы бірнеше рет хабарлама түскен мекенжайлар анықталды.
Бұл ақпарат учаскелік полиция инспекторларының назарын күшейтуді қажет ететін аумақтарды айқындауға, қосымша профилактикалық жұмыстарды ұйымдастыруға және қайталама құқық бұзушылықтарға әкеп соғуы мүмкін мән-жайларды уақтылы тексеруге мүмкіндік береді.
Қауіпсіздік туралы ақпарат қоғамдық көліктерде, аялдамаларда, сыртқы жарнама құрылымдарында және күнделікті тұтыну тауарларында орналастырылуда. Біздің мақсатымыз – қоғамда құқық бұзушылықтарға төзбеушілік көзқарасын қалыптастыру және әрбір азаматтың заңды сақтаудағы жеке жауапкершілігін арттыру.
Басым міндеттердің бірі – қоғамдық қауіпсіздіктің жай-күйі туралы Ұлттық баяндаманы әзірлеу. Іс жүзінде құқық бұзушылықтардың жасалуына ықпал ететін себептер мен жағдайларды анықтаудан бастап, оларды жою жөнінде нақты шаралар қабылдауға және кейіннен қол жеткізілген нәтижелерді бағалауға дейінгі бірыңғай жүйе қалыптастырылуда.
Сонымен қатар профилактикалық жұмыстың тиімділігін тек мемлекеттік жүйенің ішкі көрсеткіштері негізінде бағалауға болмайтынын түсіну маңызды. Бұл ретте азаматтардың өз пікірін, олардың қауіпсіздік деңгейін қалай сезінетінін, мемлекеттік институттарға деген сенімін және құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуге қатысуға дайындығын ескеру қажет.
Сұхбаттың толық нұсқасы: https://kazpravda.kz/n/profilaktika-obshchaya-zadacha-gosudarstva-i-obshchestva/
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.






