Заманауи технологиялар, жасанды интеллект және құқық бұзушылықтардың алдын алудың инновациялық тәсілдері – 17 қазанда Астана қаласындағы Alem.AI халықаралық орталығында өткен «Kazakhstan Prevention Days – 2026» ауқымды көрмесінің басты назарында болды.
Іс-шара Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің бастамасымен жасанды интеллектіні дамыту жөніндегі мемлекеттік саясатты іске асыру және «Заң мен Тәртіп» қағидатын ілгерілету аясында ұйымдастырылды.
Көрменің басты идеясы – жасалған құқық бұзушылықтарға ден қоюдан олардың алдын ала жолын кесуге бағытталған жаңа профилактикалық модельге көшу.
Бүгінде қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету құқық қорғау органдарының тиімді қызметімен ғана шектелмейді. Бұл бағытта заманауи технологияларды енгізу, ықтимал қауіп-қатерлерді ерте анықтау, құқық бұзушылықтардың себептерін жою және қоғамның профилактикалық жұмысқа белсенді қатысуы ерекше маңызға ие.
Көрме барысында қатысушыларға жасанды интеллект саласындағы инновациялық әзірлемелер, цифрлық шешімдер, робототехника және азаматтардың қауіпсіздігін арттырудың жаңа мүмкіндіктерін көрсететін білім беру технологиялары таныстырылды.
Қылмыстың алдын алу, интернет-алаяқтыққа және басқа да заманауи қауіп-қатерлерге қарсы іс-қимыл жасау мақсатында интеллектуалды жүйелерді пайдалану перспективаларына ерекше назар аударылды.
Іс-шараға Ішкі істер министрлігінің басшылығы, мемлекеттік органдардың өкілдері, халықаралық сарапшылар, IT мамандары, қоғам өкілдері және жастар қатысты.
Өскелең ұрпаққа ерекше көңіл бөлінді. «Жас сақшы» полиция сыныптарының оқушылары интерактивті және білім беру алаңдарын аралап, жасанды интеллектінің мүмкіндіктерімен, заманауи роботтардың жұмысымен және кәсіби білім берудің перспективалық бағыттарымен танысты.
Көрме тәжірибе алмасуға, құқық бұзушылықтардың алдын алудың озық тәжірибелерін таныстыруға, сондай-ақ мемлекет, қоғам және технологиялық қауымдастық арасындағы өзара іс-қимылды нығайтуға мүмкіндік беретін маңызды алаңға айналды.
«Kazakhstan Prevention Days» қауіпсіздікті қамтамасыз ету тек құқық қорғау органдарының міндеті ғана емес, мемлекет пен азаматтардың ортақ жауапкершілігі болып саналатын жаңа профилактикалық мәдениетті қалыптастыруға негіз болуға бағытталған.
Осындай бастамаларды дамыту құқық бұзушылықтардың алдын алудың заманауи құралдарын енгізуге, халықтың құқықтық сауаттылығын арттыруға және мемлекеттік институттарға деген қоғамдық сенімді нығайтуға ықпал етеді.
Заң мен Тәртіп – қауіпсіз қоғамның негізі!
https://www.instagram.com/reel/DeolzC7NkE0/?dlrf=MW1wMGtpbm9tMWN4dg==
https://www.instagram.com/reel/DeoIJzIs7w7/?cplk=N3kwbzJvdHo5eWtr
https://www.instagram.com/reel/Del03liOwIO/?psln=ajd3MHBtM2p2NHNz





