Ақтөбе облысының үш ауданында ауруханалардың мүмкіндігі кеңейеді

    1 / 9

    Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, мемлекетке қайтарылған активтер елдің әлеуметтік және инфрақұрылымдық мәселелерін шешуге бағытталып келеді. Арнаулы мемлекеттік қор қаражаты есебінен өңірлерде халықтың өмір сапасын жақсартуға арналған әлеуметтік нысандардың құрылысы қаржыландырылуда.

    Соның бірі Ақтөбе облысының Хромтау, Шалқар және Мұғалжар аудандарындағы ауруханаларға салынып жатқан жапсарлас, қосымша ғимараттар.

    Мәселен, Хромтау аудандық ауруханасының жаңа корпусында операциялық блок, реанимация және қарқынды терапия палаталары, инсульт орталығы, оңалту бөлімі мен МРТ кабинеті орналасады. Сондай-ақ науқастарды жоспарлы және шұғыл қабылдауға арналған жеке кіреберістер қарастырылған.

    Ал Шалқар аудандық ауруханасының жаңа ғимараты 93 төсек-орынға шақталмақ. Бұл мекеме де жаңа жабдықтармен қамтамасыз етіледі, жаңа бөлімшелер жұмыс істейді. Сонымен қоса, қосымша жұмыс орындары ашылады деп жоспарланып отыр.

    Мұғалжар ауданының орталығы Қандыағаш қаласында да осындай жоба жүзеге асырылуда. Жаңа нысанның іске қосылуы медициналық көмектің қолжетімділігін арттырудан бөлек, Темір, Байғанин және Ойыл аудандарының тұрғындарына қызмет көрсетуге септігін тигізеді.

    Құрылыс жұмыстары аяқталғаннан кейін үш медициналық мекемеге ауданаралық орталық аурухана мәртебесі беріледі. Нәтижесінде тұрғындар күрделі диагностика мен мамандандырылған медициналық көмекті өз өңірлеріне жақын жерден алу мүмкіндігіне ие болады.

    Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз

    Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.

    Ұқсас материалдар

    "Ақтөбе облысының әкімдігі" жаңалықтары