Қазақстан БҰҰ-ның Электрондық үкіметті дамыту индексінде (UN EGDI) 193 мемлекет арасында 24-орыннан 16-орынға көтеріліп, алғаш рет ең жоғары рейтингтік санатқа енді. БҰҰ баяндамасында Қазақстан көшбасшы елдер арасындағы ең елеулі ілгерілеудің бірін көрсеткені аталды. Қазақстан осындай деңгейге жеткен өңірдегі алғашқы ел болды. Ең жоғары рейтингтік санатқа электрондық үкіметі барынша дамыған 21 мемлекет кіреді. Қазір Қазақстан Корея, Дания, Сингапур, Ұлыбритания, Эстония және АҚШ-пен бір қатарда. 2026 жылы бұл санатқа алғаш рет бар болғаны үш ел: Қазақстан, Ирландия және Польша енді.
Екі жыл ішінде Қазақстанның индексі әлемдік орташа көрсеткіш 0,6675 болған жағдайда 0,9009-дан 0,9363-ке дейін өсті. Ілгерілеу қарқыны бойынша Қазақстан елеулі нәтижелерге қол жеткізіп, өзінен жоғары тұрған Швеция, Германия, Ирландия, Жаңа Зеландия, Австрия және Жапониядан озып кетті. Сонымен қатар, еліміз ТМД және Орталық Азия елдері арасында бірінші орнын тағы да сақтап қалды.
БҰҰ баяндамасында еліміздің бірқатар бағыттардағы ілгерілеуі атап өтілді. Атап айтқанда, телекоммуникациялық инфрақұрылымның дамуы, интернеттің қолжетімділігі, мемлекеттік онлайн-қызметтердің сапасы және халықтың цифрлық сауаттылығы көрсетілген. Қазақстандық eGov.kz және eGov Mobile экожүйелері ықпалдасқан цифрлық мемлекеттің үлгісі ретінде белгіленді.
Аталған нәтижелер мемлекеттік басқаруды цифрландыру саласындағы Қазақстан ұстанымдарының нығайғанын дәлелдейді.
https://www.gov.kz/org/maidd/press/news/details/1333299?lang=kk
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.









