Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі азаматтарды цифрлық жүйелер туралы ақпараттандыруды жалғастыруда. Бүгін Отбасының цифрлық картасының жұмыс істеу қағидаттарын түсіндіреміз.
Отбасының цифрлық картасы цифрлық көпір қызметін атқарады және 30-дан астам мемлекеттік дерекқордан қажетті ақпаратты автоматты түрде алады.
Барлық деректер алмасу «электрондық үкімет» шлюзі арқылы жүзеге асырылады.
Деректердің үштен біріне жуығы, яғни 10 ақпараттық жүйе Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің өз базаларынан алынады. Оларға зейнетақы, жәрдемақы және өзге де төлемдер, мүгедектік, еңбек шарттары және соңғы үш айдағы ресми кірістер туралы мәліметтер жатады.
Ақпараттың едәуір бөлігі Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің (5 жүйе) және Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің (4 жүйе) ақпараттық жүйелерінен алынады.
Аталған мемлекеттік тізілімдер арқылы Отбасының цифрлық картасы отбасы құрамы, тұрғылықты жері бойынша тіркелуі, пәтерлері, жер учаскелері, кәсіпкерлік қызметі және автокөліктері туралы мәліметтерді алады.
Қалған ақпараттар Цифрлық даму министрлігінің, Денсаулық сақтау, Қаржы, Ауыл шаруашылығы министрліктерінің, Оқу-ағарту министрлігінің ақпараттық жүйелерінен, сондай-ақ ҰҚК Шекара қызметінен түседі.
Жүйе көптеген түрлі деректерді жинақтағанымен, олардың барлығы отбасының әлеуметтік әл-ауқат деңгейін бағалауға әсер етпейтінін түсіну маңызды.
Әртүрлі мемлекеттік дерекқорлардан алынған мәліметтер әр отбасының бірыңғай цифрлық бейнесін қалыптастыру үшін біріктіріледі. Алайда әлеуметтік әл-ауқат деңгейін бағалау кезінде тек ресми әдістемеде белгіленген өлшемшарттарды қолдануға қажетті мемлекеттік органдардың деректері ғана пайдаланылады.
Мемлекеттік органдар арасында деректер алмасу үдерісін үш кезеңге бөліп қарастыруға болады.
Бірінші кезең – отбасы құрамын қалыптастыру.
Жүйе жеке тұлғалар базасы мен АХАТ тіркеліміндегі мәліметтерді біріктіреді.
Туу, неке қию, некені бұзу немесе тегін өзгерту туралы жазбалар негізінде Отбасының цифрлық картасы адамның қатысуынсыз әр отбасының өзекті құрамын автоматты түрде анықтайды.
Екінші кезең – бейінді мемлекеттік органдардан мәліметтер жинау.
Одан әрі отбасының әрбір мүшесі бойынша жалақы, мүлік, кредиттер және ерекше өмірлік жағдайлар туралы мәліметтер жинақталады.
Жүйе азаматтың емханаға тіркелуін, медициналық сақтандыруының болуын, мектепте немесе жоғары оқу орнында білім алуын, сондай-ақ ел аумағынан 180 күннен астам мерзімге шығуын ескереді.
Үшінші кезең – деректерді жаңарту және қайта есептеу.
Мәліметтер екі режимде жаңартылады.
Ақпараттық жүйелердің бір бөлігі деректерді нақты уақыт режимінде (онлайн) жіберсе, екінші бөлігі ақпаратты белгіленген кестеге сәйкес тұрақты түрде топтап жүктейді.
Жаңартылған мәліметтер негізінде Отбасының цифрлық картасы ай сайын отбасының әлеуметтік әл-ауқат деңгейіне қайта бағалау жүргізеді.
Маңызды! Отбасының цифрлық картасы басқа мемлекеттік органдардың ақпараттық базаларындағы мәліметтерді ғана көрсетеді.
Егер жұмыс беруші еңбек шартын уақытылы енгізбесе, білім беру ұйымы білім алушылар тізімін жаңартуға үлгермесе немесе АХАТ-тың ескі мұрағаттарында қажетті жазбалар болмаса, Отбасының цифрлық картасында қате мәліметтер пайда болуы мүмкін.
Егер өз деректеріңізден қате байқасаңыз, мысалы, сатылған автокөлік немесе пәтер әлі де сіздің атыңызда тіркеліп тұрса, мұндай қателерді түзетуге болады.
Ол үшін тұрғылықты жеріңіз бойынша Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Еңбек және әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің аумақтық департаментіне жүгініп, кеңес алуыңыз қажет.
Деректердің бастапқы көзі болып табылатын мемлекеттік орган тиісті мәліметтерді жаңартқаннан кейін, Отбасының цифрлық картасы әлеуметтік әл-ауқат деңгейін кезекті ай сайынғы бағалау барысында дұрыс ақпаратты автоматты түрде көрсетеді.
Дереккөз: Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ресми интернет-ресурсы.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.









