Жетісу полициясы мал ұрлығының жолын кесті: 13 бас малды ұрлады деген күдікпен екі азамат ұсталды

    1 / 3

    Тоғыз эпизод, ұрланған 13 бас мал және 10 миллион теңгеге жуық шығын. Жетісу облысында полиция қызметкерлері бірнеше рет мал ұрлады деген күдікпен екі ер адамды ұстады.

    Тергеу мәліметтеріне сәйкес, Талдықорған қаласының 41 және 49 жастағы тұрғындары алдын ала ойластырылған схема бойынша әрекет еткен. Олар Ақсу және Ескелді аудандарының жайылымдарынан ірі қара мен жылқыларды ұрлап, малды сол жерде сойған. Кейін етін Талдықорған қаласына жеткізіп, гараждардың бірінде бөлшектеп, саудаға шығарған.

    Алайда кезекті ұрлықты соңына дейін жеткізуге полиция қызметкерлері мүмкіндік бермеді. Ақсу аудандық полициясының жедел уәкілдері күдіктілерді ұрланған етті гаражға жеткізіп жатқан сәтте қолға түсірді.

    Оқиға орнынан шамамен 600 келі жылқы еті тәркіленді. Ұрланған мүлік заңды иелеріне қайтарылды. Полицияның дер кезінде қабылдаған шаралары нәтижесінде ұрланған еттің одан әрі сатылуына тосқауыл қойылып, жәбірленушілерге қосымша материалдық шығын келтірудің алдын алды.

    Қазіргі уақытта ұсталғандардың 2025–2026 жылдары жасалған өзге де мал ұрлығы деректеріне қатыстылығы тексерілуде. Келтірілген жалпы материалдық шығын 9,6 миллион теңгеден асады.

    Екі күдікті де қамауға алынды. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде.

    Полицияның ұстанымы айқын: мал ұрлығы – жай ғана мүліктік қылмыс емес, ауыл тұрғындарының тұрмыс-тіршілігі мен әл-ауқатына тікелей нұқсан келтіретін әрекет. Мұндай әрбір дерекке заң аясында қатаң шара қолдану, кінәлілерді анықтау және ұрланған мүлікті заңды иелеріне қайтару – полиция қызметінің маңызды міндеттерінің бірі.

    «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында мал ұрлығының алдын алу, анықтау және жолын кесу бағытындағы жұмыстар жалғасуда.

    Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз

    Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.

    Ұқсас материалдар

    "Жетісу облысының Полиция департаменті" жаңалықтары