17 АЛТЫН МЕДАЛЬ: ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ ҚОЛ КҮРЕСІНЕН ӘЛЕМ ЧЕМПИОНДАРЫН ҚҰРМЕТТЕДІ

    1 / 4

    Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Үндістанның Нью-Дели қаласында өткен қол күресінен 47-ші әлем чемпионатында жоғары нәтиже көрсеткен өңір спортшыларымен кездесті. Салтанатты жиында әлем чемпионатында алтын медаль иеленген спортшыларға облыс әкімінің Алғыс хаттары мен ақшалай сертификаттар табысталып, екі спортшыға пәтер кілттері берілді.

    – Әлем чемпионатында жоғары нәтиже көрсеткендеріңіз үшін баршаңызды шын жүректен құттықтаймын! Бұл додаға әлемнің 67 елінен 2 мыңға жуық спортшы қатысты. Еліміздің намысын 70 спортшы қорғады. Оның ішінде Түркістан облысынан қатысқан 32 спортшы 17 алтын, 6 күміс және 9 қола медаль жеңіп алды. Әрбір жеңістің артында спортшының табандылығы, қажырлы еңбегі және жаттықтырушылардың тынымсыз жұмысы тұр. Сіздердің жеңістеріңіз – жас ұрпаққа үлгі әрі баршамыз үшін үлкен мақтаныш. «Шардара Армспорт» спорт клубына толағай табыс тілеймін.

    Бүгінде облыста бұқаралық спорт пен жоғары жетістіктер спортын дамытуға, ұлттық спорт түрлерін кеңінен насихаттауға ерекше көңіл бөлініп келеді. Өңірде спорт инфрақұрылымын дамыту бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады. Жеңістеріңіз тағы да құтты болсын! Қазақстанның абыройын асқақтатып, еліміздің көк байрағын биікте желбірете беріңіздер! Сіздерге мықты денсаулық, отбасыларыңызға амандық, толағай табыс және алдағы жарыстарда жаңа жеңістер тілеймін! – деді Нұралхан Көшеров.

    Айта кетейік, 2026 жылғы 26 қазан мен 7 қараша аралығында Үндістан астанасы Нью-Дели қаласында өткен қол күресінен 47-ші әлем чемпионатына 67 елден 2 мыңға жуық спортшы қатысты. Қазақстан құрамасы сапында Түркістан облысынан барған 32 спортшы 17 алтын, 6 күміс және 9 қола медаль иеленді.

    Әлем чемпионатында алтын медаль жеңіп алған спортшылардың қатарында 85 келі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен Нұрдәулет Айдархан бар. Ол осымен 13-рет әлем чемпионы атанды. 55 келі салмақта Ердәулет Нұрмахан алтын медаль жеңіп алып, әлемнің алты дүркін чемпионы атанды. Ал 60 келіде Нұрсұлтан Алдан мен 65 келіде Ұлболсын Эльмурат екінші мәрте әлем чемпионы атағын иеленді.

    Сондай-ақ 60 келі салмақта Ұлжан Оралбай, 70 келіде Ырысты Оразхан, мүмкіндігі шектеулі спортшылар арасында 90 келіде Ұлықбек Құралбаев, 50 келіде Жарылқасын Рүстембек, 65 келіде Бекжан Қожантай, 70 келіде Асылжан Базарбай, 75 келіде Асылжан Бекжігіт, 80 келіде Тұрарбек Тұрғанбек, 85 келіде Нұрболат Басымбек және 90 келіде Ердәулет Мұхамбетов әлем чемпионы атанды.

    Әлемдік аренада қол күресінен жоғары нәтиже көрсетіп жүрген спортшылар Шардара ауданындағы «Шардара Армспорт» спорт клубында тәрбиеленген. 2001 жылы Арман Қарсыбаевтың бастамасымен құрылған клуб ширек ғасырдан астам уақыт ішінде елімізге көптеген чемпиондарды дайындап шығарды.

    2001–2026 жылдар аралығында клубта дайындалған 150-ге жуық спортшы әлем чемпионы атанса, 119 спортшы әлем чемпионаттарының жүлдегері болған. Сонымен қатар 26 спортшы Әлем кубогын иеленіп, 5 спортшы әлемдік комбат ойындарының чемпионы атанған. Азия чемпионаттарында 347 спортшы жеңімпаз атанып, 284 спортшы жүлдегер болған.

    Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

    Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз

    Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.

    Ұқсас материалдар

    "Түркістан облысы Отырар ауданы Шәуілдір ауылдық округі әкімінің аппараты" жаңалықтары