ҚЫЗ БАЛА ЕРЛЕР СПОРТЫНДА: АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНЫҢ ПОЛИЦЕЙІ ӘЛЕМ ЧЕМПИОНЫ АТАНДЫ

    Алматы облысы Полиция департаментінің арнайы жедел әрекет ету жасағының қызметкері UNIFIGHT спорттық жекпе-жегінен өткен әлем чемпионатында алтын медаль иеленіп, жоғары спорттық дайындық деңгейін, қайсар мінезі мен жеңіске деген жігерін көрсетті.

    Алтын медаль иегері - СОБР инспекторы, полиция аға лейтенанты Умида Садыкова. Тынымсыз жаттығу, табандылық пен жоғары физикалық дайындықтың арқасында ол халықаралық спорт аренасында Қазақстанның намысын абыроймен қорғады.

    Әлем чемпионаты 2026 жылғы 10-15 қараша аралығында Түркия Республикасының Мерсин қаласында өтті. Жарысқа әлемнің түрлі елдерінен келген үздік спортшылар қатысып, өздерінің шеберлігін, төзімділігі мен жоғары физикалық дайындығын паш етті.

    Умида Садыкова жарыс кезеңдерінен сәтті өтіп, әлем чемпионатының алтын медалін жеңіп алып, тұғырдың ең биік сатысына көтерілді.

    «Спорт ішкі істер органдары жүйесінде маңызды орын алады. Тұрақты жаттығу, тәртіп пен өзін-өзі жетілдіруге деген ұмтылыс қызметкерлердің дене дайындығын нығайтып қана қоймай, қызметтік міндеттерді тиімді орындауға қажетті қасиеттерді қалыптастырады», - деді Алматы облысы Полиция департаментінің бастығы Мейрам Әбікеев.

    Бұл жеңіс спортшының жеке жетістігі ғана емес, сонымен қатар Алматы облысы Полиция департаментінің бүкіл ұжымы үшін зор мақтаныш.

    Өңірлік полиция департаментінде Умида Садыкованы жоғары нәтижесімен құттықтап, алдағы уақытта да жаңа спорттық жетістіктер мен халықаралық аренада толағай табыстар тіледі.

    Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз

    Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.

    Ұқсас материалдар

    "Алматы облысының Полиция департаменті" жаңалықтары