Прокуратура азаматтардың тұрғын үй құқықтарын қорғады

    Ұлытау облысының прокуратурасы жүргізген талдау барысында Қаражал қаласында тұрғын үй сертификаттарының мөлшері мен оларды алуға құқығы бар азаматтар санаттарының тізбесі ұзақ уақыт бойы айқындалмағаны анықталды.

    Жергілікті өкілді органның тиісті шешімінің болмауы тұрғын үймен қамтамасыз етуге бағытталған мемлекеттік қолдау бағдарламасын іске асыруға кедергі келтіріп, халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын азаматтардың мүмкіндіктерін шектеді.

    Тұрғын үй заңнамасында ипотекалық тұрғын үй қарызы арқылы баспана сатып алу кезінде бастапқы жарнаны толық немесе ішінара өтеу үшін тұрғын үй сертификаттарын беру көзделген.

    Прокуратура қабылдаған шаралардың нәтижесінде Қаражал қаласының мәслихаты тұрғын үй сертификаттарының мөлшерін және оларды алуға құқығы бар азаматтардың санаттарын бекітті.

    Сертификат мөлшері ипотекалық қарыз сомасының 10 пайызы болып белгіленді және 1,5 млн теңгеден аспайды.

    Осының нәтижесінде 700-ден астам азамат тұрғын үй алуға арналған мемлекеттік қолдау шараларын пайдалану мүмкіндігіне ие болды.

    Қабылданған шаралар әлеуметтік әділеттілікті қамтамасыз етуге, мемлекеттік бағдарламалардың қолжетімділігін арттыруға және халықтың тұрғын үй құқықтарын қорғауға бағытталған.

    Азаматтардың, оның ішінде халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғау прокуратура органдары қызметінің басым бағыттарының бірі болып қала береді.

    Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз

    Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.

    Ұқсас материалдар

    "Ұлытау облысының прокуратурасы" жаңалықтары