⚡ ЭНЕРГЕТИКАЛЫҚ СУСЫНДАР: ҚУАТ КӨЗІ МЕ, ӘЛДЕ ДЕНСАУЛЫҚҚА ҚАУІП ПЕ?

    1 / 2

    ⚡ЭНЕРГЕТИКАЛЫҚ СУСЫНДАР: ҚУАТ КӨЗІ МЕ, ӘЛДЕ ДЕНСАУЛЫҚҚА ҚАУІП ПЕ?

    Жарқын қаптама, сергектік, зейін мен жұмыс қабілетін арттыру туралы жарнама. Бірақ энергетикалық сусынның ішінде шын мәнінде не бар?

    Кофеин, гуарана, таурин, қант, дәрумендер, қышқылдар мен хош иістендіргіштер — әр компоненттің өзіндік қызметі бар. Алайда олардың үйлесімі сусынды тұрақты тұтынуға қауіпсіз етпейді.

    ❗Неге назар аудару қажет?

    🔴Кофеин және кофеин бар өсімдік сығындылары жүрек соғуын жиілетіп, қан қысымын жоғарылатуы, мазасыздық туғызып, ұйқыны бұзуы мүмкін.

    🔴Қантты шамадан тыс тұтыну тағамның калориясын арттырып, тісжегінің және артық салмақтың пайда болуына ықпал етеді.

    🔴Сусын құрамындағы қышқылдар жиі тұтынылған жағдайда тіс эмалінің зақымдануына әсер етуі мүмкін.

    🔴Дәрумендер мен таурин кофеиннің әсерін бейтараптандырмайды және энергетикалық сусынды пайдалы сусынға айналдырмайды.

    👨‍👩‍👧БАЛАЛАР МЕН ЖАСӨСПІРІМДЕРГЕ ЕРЕКШЕ НАЗАР!

    Балалар мен жасөспірімдердің ағзасы әлі де қалыптасу үстінде. Энергетикалық сусындарды сабақ үлгерімін арттыру, емтиханға дайындалу, спортпен шұғылдану немесе ұйқысыздықпен күресу мақсатында қолдануға болмайды.

    Энергетикалық сусындардың орнына — жеткілікті ұйқы, теңгерімді тамақтану, кәдімгі ауызсуды жеткілікті мөлшерде ішу және дене белсенділігі қажет.

    ⚖️ ҚАЗАҚСТАН ЗАҢНАМАСЫ НЕ ДЕЙДІ?

    Қазақстан Республикасының «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодексінің 108-1-бабына сәйкес, 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап энергетикалық сусындарды 21 жасқа толмаған адамдарға сатуға тыйым салынған.

    Сонымен қатар мұндай сусындарды өткізу тәсілдеріне шектеулер қойылған және сәйкестікті растау құжаттарының болуы талап етіледі.

    Құрметті ата-аналар! Балаларыңыздың қандай сусын таңдайтынына назар аударыңыздар. Энергетикалық сусынның ұйқыны, дұрыс тамақтануды және демалысты алмастыра алмайтынын түсіндіріңіздер.

    Құрметті кәсіпкерлер мен сатушылар! Энергетикалық сусындарды 21 жасқа толмаған адамдарға сатуға заңмен белгіленген тыйымды сақтаңыздар.

    Денсаулық — саналы таңдаудан басталады!

    Алматы облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті.

    Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз

    Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.

    Ұқсас материалдар

    "Алматы облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті" жаңалықтары