Шығыс Қазақстан – сақ және түркі дәуірлерінен сыр шертетін бірегей археологиялық мұраларға бай өлке. Бүгін ғасырлар қойнауынан жеткен тарихи ескерткіштерді сақтау, олардың бастапқы қалпын қорғау және қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі облыс әкімдігінде өткен жиында талқыланды.
ШҚО әкімі Нұрымбет Сақтағанов тарихи-археологиялық кешендерді қорғау өңір үшін ғана емес, тұтас елдің тарихы мен мәдени мұрасын сақтау тұрғысынан айрықша маңызға ие екендігін жеткізді. Аймақ басшысы мұндай ескерткіштер – халқымыздың терең тарихының айғағы әрі келер ұрпаққа аманат екендігін ерекше атап өтті.
Жиында бұған дейін әлеуметтік желілерде талқыланған Зайсан ауданындағы «Шағаноба» археологиялық кешеніне қатысты мәселе қаралды. Аудан әкімі Аэлита Ахметсәлімқызы заңсыз қазба белгілері анықталған аумақта жүргізілген тексеру жұмыстарының нәтижесін баяндады.
Қазір құзырлы органдар заңсыз қазба жұмыстарының сипатын, келтірілген ықтимал залал көлемін және оқиғаның өзге де мән-жайларын анықтап жатыр. Қар жамылғысына байланысты қорғандардың нақты жай-күйі мен зақымдану деңгейін толық бағалау мүмкін болмаған. Сондықтан аумақты қайта зерттеу жұмыстары 2027 жылдың көктеміне жоспарланған.
Жиында өңірдегі тағы бір маңызды тарихи нысан – «Берел» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының қауіпсіздігі де назарға алынды. Музей-қорық аумағында сақ және түркі дәуірлеріне жататын 100-ден астам қорған бар. Оның 60-тан астамы археологиялық тұрғыда зерттелген. Тарихи ескерткіштер орналасқан аумақтың жалпы көлемі – 174 гектар.
Катонқарағай ауданының әкімі Данияр Дюсембаевтың мәліметінше, музей-қорықтағы тарихи мұраны сақтау және қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін кешенді шаралар қолға алынған.
Өңірдегі археологиялық мұраны қорғау жұмыстары қауіпсіздік шараларымен шектелмеуі тиіс. Тарихи нысандарды ғылыми тұрғыда зерттеу, олардың құндылығын кеңінен таныту және туристік әлеуетін тиімді пайдалану да маңызды. Бұл бағыттағы міндеттерге облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов тоқталды.
Осы мақсатта Шілікті алқабында қорғандардың табиғи және тарихи келбетін сақтай отырып, ашық аспан астындағы музей кешенін құру мүмкіндігі қарастырылып жатыр. Жоба жүзеге асса, бұл аумақта археологиялық мұраны қорғау мен ғылыми зерттеулерді қатар жүргізуге, сондай-ақ келушілерге көне тарихпен тікелей танысуға жағдай жасалады. Бастама Шілікті алқабының туристік тартымдылығын арттыруға да серпін бермек.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.









