Монреаль қаласында (Канада) ИКАО-ның әуе көлігі жөніндегі 7-ші Дүниежүзілік конференциясы (ATConf/7) аясында Қазақстан
Республикасының Көлік вице-министрі Талғат Ластаев пен Халықаралық азаматтық авиация ұйымы (ИКАО) Кеңесінің Президенті Тошиюки Онуманың кездесуі өтті.
Кездесу барысында Қазақстанның азаматтық авиация саласындағы ауқымды өзгерістер, саланы реформалау нәтижелері, ұшу қауіпсіздігі деңгейін арттыру, халықаралық әуе қатынасын дамыту және ИКАО-мен ынтымақтастықты одан әрі нығайту перспективалары талқыланды.
ИКАО Кеңесінің Президенті Қазақстанның авиациялық билік органдарын ИКАО-ның Авиациялық қауіпсіздік апталығын сәтті өткізуімен құттықтап, еліміздің халықаралық авиациялық ынтымақтастықты дамытуға қосқан үлесін атап өтті.
Тошиюки Онума жаһандық азаматтық авиация жүйесіндегі Қазақстанның артып келе жатқан рөліне тоқталып, Еуропа мен Азия арасындағы маңызды халықаралық көлік дәліздерінің қиылысында орналасқан елдің тиімді географиялық жағдайы өңірлік және құрлықаралық авиациялық байланысты дамыту үшін елеулі әлеует қалыптастыратынын жеткізді.
«Біз сіздердің қызметтеріңіз бен азаматтық авиацияны дамытуға қосқан үлестеріңізді жоғары бағалаймыз. ИКАО-ның Еуропалық және Солтүстік Атлантикалық өңірлік бюросымен күш-жігерлеріңізді тығыз үйлестірудің арқасында осы оң серпінді алдағы уақытта да нығайта түсетінімізге сенімдіміз. Бұл Қазақстан үшін ғана емес, бүкіл өңір мен жалпы халықаралық авиациялық қоғамдастық үшін де зор маңызға ие, өйткені сіздердің елдеріңіздің географиялық орналасуы халықаралық азаматтық авиацияны одан әрі дамытуда айрықша маңызды рөл атқарады», – деп атап өтті Тошиюки Онума.
Талғат Ластаев ИКАО Кеңесінің басшысына Қазақстанның азаматтық авиация саласының ағымдағы дамуы, негізгі жетістіктері мен атқарылған жұмыс нәтижелері туралы баяндады. Ол Қазақстанның азаматтық авиацияны жаңғырту және институционалдық трансформациялау жөніндегі ауқымды бағдарламаны дәйекті түрде іске асырып жатқанын атап өтті. Аталған бағыт Мемлекет басшысының ерекше бақылауында және ұлттық экономиканың көліктік байланысын, инвестициялық тартымдылығы мен бәсекеге қабілеттілігін арттырудың стратегиялық факторларының бірі ретінде қарастырылады.
Реформалар шеңберінде озық халықаралық, соның ішінде британдық тәжірибені қолдана отырып, азаматтық авиацияны мемлекеттік реттеу мен қадағалаудың заманауи моделі енгізілді. Тәуелсіз Қазақстанның авиациялық әкімшілігі құрылып, нормативтік-құқықтық база дәйекті түрде жетілдірілуде, ұшу қауіпсіздігі мен авиациялық қауіпсіздікті бақылау тетіктері күшейтілуде.
Атқарылған жұмыстар Қазақстанға халықаралық стандарттарға сәйкестіктің негізгі көрсеткіштері бойынша өз ұстанымдарын айтарлықтай нығайтуға мүмкіндік берді.
Қазақстан авиациялық қауіпсіздік деңгейі бойынша ТОР-20 қатарына ене отырып, ТМД және Орталық Азия мемлекеттері арасында жетекші орынға ие. ИКАО-мен бірлесіп Қазақстанның азаматтық авиациясын дамытудың ұзақ мерзімді Мастер-жоспарын әзірлеу жүзеге асырылуда.
Келесі стратегиялық басымдықтардың бірі – АҚШ-қа тікелей әуе рейстерін ашу үшін қажетті жағдайлар жасауды қоса алғанда, халықаралық әуе қатынасын кеңейту. Осыған байланысты авиациялық қадағалауды одан әрі жетілдіру және АҚШ Федералдық авиациялық басқармасымен (FAA) өзара іс-қимыл жасау бойынша жұмыстар жүргізілуде.
Ауқымды реформалар әуе тасымалы нарығының қарқынды өсуімен қатар жүруде. 2025 жылы Қазақстандағы жолаушылар ағыны пандемияға дейінгі деңгеймен салыстырғанда 80%-ға артты.
Халықаралық маршруттар географиясы кеңейіп, жаңа бағыттар ашылуда, әуе рейстерінің саны артып, отандық және шетелдік әуе компанияларының маршруттық желісі дамуда. Сонымен қатар әуежай инфрақұрылымы жаңғыртылып, халық үшін әуе көлігінің қолжетімділігі артып келеді.
Дәстүрлі азаматтық авиациямен қатар Қазақстан перспективалы авиациялық технологияларды енгізуге ерекше назар аударады. Басым бағыттар қатарында пилотсыз авиациялық жүйелерді, дрондар мен автономды авиация технологияларын, соның ішінде пилотсыз аэромобильді платформалардың перспективалы жобаларын дамыту бар.
Кездесу барысында Талғат Ластаев ИКАО-мен ынтымақтастықтың стратегиялық маңыздылығын атап өтіп, Қазақстанның халықаралық авиациялық күн тәртібін қалыптастыруға белсенді қатысуға, атап айтқанда Орталық Азия мемлекеттерінің, сондай-ақ теңізге шығатын жолы жоқ дамушы елдердің мүдделерін білдіруге дайын екенін растады.
«Біз теңізгетікелей шыға алмайтындамушы елдердің мүдделерін қорғауға дайынбыз. Біз көпжақты ынтымақтастық пен конструктивті диалог қағидаттарынабейімділігіміздісақтаймызжәнеКеңестегіөңірліктеңгерімдінығайтудыңайрықшамаңызыбарекенінекәмілсенеміз.Сондай-ақ Қазақстан ИКАО-ның «Бірде-бір ел назардан тыс қалмайды» бастамасына сәйкес авиация саласының тиімділігін арттыру жөніндегі өз тәжірибесімен бөлісуге дайын», – деді Талғат Ластаев.
Кездесу соңында ҚР Көлік вице-министрі ИКАО Кеңесінің Президентіне сындарлы диалог пен қолдауы үшін алғыс айтып, Тошиюки Онуманы Қазақстан Республикасына ресми сапармен келуге шақырды.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.









