Қарағанды облысының полициясы цифрлық бақылауды күшейтіп жатыр

    Адамның бет-жүзін тану, құқық бұзушыларды анықтау, жол қозғалысын қадағалау, қылмыстарды ашуға жәрдемдесу. Бүгінде мұның бәрі Қарағанды облысының полиция қызметіне кеңінен енгізіліп жатқан цифрлық технологиялардың көмегімен жүзеге асып отыр. Жыл басынан бері он айда бейнебақылау камералары мен өзге де заманауи құралдардың көмегімен өңірде 2387 қылмыстық құқық бұзушылықтың беті ашылған.

    Қарағанды облысының полициясы цифрлық бақылауды күшейтіп жатыр

    Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев, ҚР Ішкі істер министрлігі Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы Мұрат Қабденов және облыстық Полиция департаментінің бастығы Ныңмет Исмағұлов Жедел басқару орталығына барып, жаңғыртылған бейнебақылау жүйесі мен цифрлық сервистердің жұмысымен танысты.

    Алдымен Жедел басқару орталығының техникалық мүмкіндіктері жаңартылды. Ақпаратты көрсету жүйесі жетілдіріліп, 102 арнасына келіп түскен хабарламаларды операторларға жеткізу жылдамдығы артты. Сонымен қатар облыстың қалалары мен аудандарында 12 жедел басқару орталығы ашылды. Соның нәтижесінде полиция қызметкерлері оқиғаларға Қарағанды қаласында ғана емес, өңірдің өзге де елді мекендерінде жедел әрекет ету мүмкіндігіне ие болды.

    Қарағанды облысының полициясы цифрлық бақылауды күшейтіп жатыр

    Қазір облыс аумағында 100 мыңнан астам бейнебақылау камерасы жұмыс істейді. Оның 41 мыңнан астамы полицияның ақпараттық жүйесіне қосылған. Бір жылдың ішінде камералар саны 21 мыңға артқан. Бейнебақылау желісіне мектептер, ауруханалар, сауда орталықтары, теміржол вокзалдары және басқа да қоғамдық орындар кезең-кезеңімен қосылып жатыр.

    Заманауи камералардың міндеті тек бейнежазба түсірумен шектелмейді. Олардың бірқатары жасанды интеллект негізінде жұмыс істейді. Мұндай жүйелер адамның бет-жүзін автоматты түрде танып, көлік қозғалысын бақылайды, адамдар көп жиналған орындарды анықтайды, сондай-ақ қоқыс заңсыз төгілген аумақтарды тіркейді.

    Қазір облыста бейнеталдау модульдерімен жабдықталған 1169 камера іске қосылған. Олардың мүмкіндіктері құқық бұзушылықтарды дер кезінде анықтап, күдіктілерді іздестіру жұмысын жеделдетуге мүмкіндік береді.

    Қарағанды облысының полициясы цифрлық бақылауды күшейтіп жатыр

    — Жыл басынан бергі он айда бет-жүзді тану технологиясының көмегімен 18 адам анықталып, ұсталды. Бейнебақылау камералары мен цифрлық құралдардың көмегімен барлығы 2387 қылмыстық құқық бұзушылық ашылды. Бұдан бөлек, 164 камера абаттандыру қағидаларының сақталуын бақылауға мүмкіндік береді. Атап айтқанда, тұрмыстық және құрылыс қалдықтарын белгіленбеген жерлерге заңсыз төгу деректерін анықтайды, — деді Қарағанды облысы Полиция департаменті бастығының орынбасары, полиция полковнигі Жанат Қақажанов.

    Қарағанды облысының полициясы цифрлық бақылауды күшейтіп жатыр

    Цифрлық технологиялар полиция қызметкерлерінің күнделікті жұмысына да дендеп еніп келеді. Облыста профилактикалық есепте тұрған адамдарды бақылауға арналған 150 электронды құрылғы қолданылады. Патрульдік полиция мен арнайы бөлімшелердің қызметкерлері кіріктірілген бейнекамералары бар смарт-бейдждермен қамтамасыз етілген. Ал учаскелік полиция инспекторларының жұмысына «Цифрлық учаскелік» жүйесі енгізіліп жатыр.

    Полиция қызметіне ұшқышсыз ұшу аппараттары да тартылған. Олар жедел жағдайды бақылап, арнайы тапсырмаларды орындауға ғана емес, «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында аумақтардың тазалығын қадағалауға да қолданылады.

    Жол қауіпсіздігін бақылау үшін облыс жолдарында жол қозғалысы ережелерін бұзу деректерін тіркейтін 170 стационарлық кешен жұмыс істейді.

    Қарағанды облысының полициясы цифрлық бақылауды күшейтіп жатыр

    Цифрландырудың тағы бір маңызды бағыты — тұрғындардың өтініштерін қабылдау және қарау жүйесі. Азаматтар өздерін толғандырған мәселе немесе оқиға туралы eGov порталы, POLICE-102 қосымшасы, сондай-ақ банктердің мобильді қосымшалары арқылы хабарлай алады. Келіп түскен барлық өтініш бірыңғай жүйеге тіркеліп, тиісті ақпарат полиция қызметкерлеріне жедел жолданады.

    Полиция департаментінде атап өткендей, цифрландырудың түпкі мақсаты — бейнебақылау камералары мен техникалық құралдардың санын арттыру ғана емес. Ең бастысы — құқық қорғау органдарының жұмысын жеделдетіп, оның тиімділігін күшейту.

    Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз

    Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.

    Ұқсас материалдар

    "Қарағанды облысының әкімдігі" жаңалықтары