Жоғары Сот Кеңесі судьяның отставкасын тоқтатудың негіздері мен тәртібін түсіндірді
Қазақстан Республикасы Жоғары Сот Кеңесінің Аппараты жүйелі ақпараттық-түсіндіру жұмысы аясында судьяның отставкасын тоқтатудың құқықтық негіздеріне, тәртібі мен салдарына арналған «Сұрақ-жауап» айдарының кезекті шығарылымын дайындады.
Судьяның отставкаға шығу институты кәсіби қызметін аяқтағаннан кейін судьяның ерекше құқықтық мәртебесінің сақталуын қамтамасыз ететін сот билігі тәуелсіздігінің маңызды кепілдіктерінің бірі болып табылады. Сонымен қатар заңнамада аталған мәртебені тоқтатуға негіз болатын жағдайлар көзделген.
Жаңа шығарылымда «Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңында көзделген судьяның отставкасын тоқтату негіздері жан-жақты түсіндіріледі.
Атап айтқанда, оларға отставкадағы судьяның қылмыс немесе сот билігінің беделіне нұқсан келтіретін теріс қылық жасауы, саяси партияға кіруі, Қазақстан Республикасының азаматтығының тоқтатылуы, өз еркімен отставкадан бас тартуы, сондай-ақ судьяның қайтыс болуы немесе заңда белгіленген тәртіппен қайтыс болды деп жариялануы жатады.
Тиісті шешімді қабылдау рәсіміне ерекше назар аударылды. Судьяның отставкасын тоқтату туралы мәселені Жоғары Сот Кеңесі Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жанындағы Сот төрелігінің сапасы жөніндегі комиссияның шешімі негізінде қарайды.
Қарау қорытындысы бойынша Кеңес Қазақстан Республикасының Президентіне тиісті ұсыным енгізеді. Судьяның отставкасын тоқтату туралы түпкілікті шешімді Мемлекет басшысы қабылдайды және ол Президенттің Жарлығымен ресімделеді.
Сондай-ақ шығарылымда судьяның отставкасын тоқтатудың құқықтық салдары, оның ішінде судья атағынан, судьялар қоғамдастығына жату мәртебесінен, жеке басына тиіспеушілік кепілдіктерінен және өмір бойғы ай сайынғы қамтылым төлемдерін алу құқығынан айырылуы түсіндіріледі.
Аталған шараларды іске асыру судья әдебінің жоғары стандарттарын сақтауға және қоғамның Қазақстан Республикасының сот жүйесіне деген сенімін нығайтуға бағытталған.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.









