Қызылорда облысының ішкі саясат басқармасының ұйымдастыруымен «Сыр өңірінің эргонимдері» әлеуметтік жобасы аясында әзірленген «Қызылорда облысының эргонимдері» атты әдістемелік нұсқаулықтың таныстырылымы өтті.
Іс-шараға тіл жанашырлары, филолог-ғалымдар, облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының, облыстық Кәсіпкерлер палатасының, «Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы» қоғамдық бірлестігінің облыстық филиалының өкілдері және бұқаралық ақпарат құралдарының қызметкерлері қатысты.
Жиынды облыстық ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Д. Тлеумбетов ашып, кәсіпкерлік нысандардың атауларында Сыр өңірінің бай тарихын, мәдениетін, дәстүрі мен ұлттық құндылықтарын кеңінен дәріптеудің маңыздылығына тоқталды. Сонымен қатар атаулардың қазақ тілінің әдеби нормаларына сай, мазмұнды, сауатты әрі заманауи талаптарға сәйкес болуы қажеттігін атап өтті.
Әлеуметтік жоба «Жалынды жастар» жастар қоғамдық бірлестігінің Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің филолог-ғалымдарымен бірлесіп жүзеге асыруымен ерекшеленеді.
Әдістемелік нұсқаулықты жоба жетекшісі, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің қауымдастырылған профессоры Аман Абасилов таныстырды.
Еңбекте кәсіпкерлік нысандарға ұлттық мазмұндағы, заманауи әрі есте қаларлық атаулар таңдау бойынша әдістемелік ұсынымдар қамтылған. Атап айтқанда, Сығанақ, Жанкент, Шірік-Рабат, Жетіасар секілді Сыр өңірінің тарихи-мәдени мұралары мен географиялық атауларын бренд ретінде қолдану жолдары ұсынылған.
Сондай-ақ нұсқаулықта кәсіпкерлер үшін маңызды құқықтық талаптар, көрнекі ақпаратты рәсімдеу кезінде «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» Заң нормаларын сақтау және осы бағыттағы нормативтік құқықтық актілерді басшылыққа алу мәселелері де қарастырылған.
Кездесу барысында қатысушылар өз ой-пікірлерін ортаға салып, ұсынылған әдістемелік құралдың кәсіпкерлік саласында мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтуге және өңірдің ұлттық болмысын танытуға қосатын үлесін атап өтті.
Іс-шара соңында нұсқаулықты тиісті мекемелерге, кітапханаларға, қала және аудан әкімдіктеріне, сондай-ақ Кәсіпкерлер палатасы арқылы кәсіпкерлерге тарату жоспарланғаны айтылды.
Жиын қорытындысында филолог-ғалымдар Алдажар Әбдірасуллеұлы мен Аман Мәделханұлына мемлекеттік тілдің кәсіпкерлік саласындағы қолданысын дамытуға қосқан үлестері үшін алғыс білдірілді.
Әрбір кәсіпкерлік нысанның атауы – өңірдің тілдік келбеті мен мәдени болмысының көрінісі. Сондықтан ұлттық мазмұндағы атауларды қалыптастыру – мемлекеттік органдар мен кәсіпкерлерге ортақ жауапкершілік.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.









