ШҚО-да бес әлеуметтік нысанның құрылысы аяқталды

    1 / 2

    Шығыс Қазақстан облысында биыл он айда бес әлеуметтік нысанның құрылысы аяқталды. Оның төртеуі денсаулық сақтау, біреуі білім беру саласына тиесілі. Нәтижесінде өңірде медициналық қызмет көрсету мүмкіндігі кеңейіп, білім беру инфрақұрылымы жаңа нысанмен толықты.

    Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ерназ Мұқатаев мәлімдеді.

    Аяқталған жобалардың ішіндегі ең ауқымдысы – Өскемендегі Гематология орталығы. Заманауи медициналық мекеме күрделі диагностикалық зерттеулер жүргізуге және жоғары технологиялық медициналық көмек көрсетуге арналған. Орталықтың құрылысына 42,7 млрд теңге жұмсалған. Ал медициналық және технологиялық жабдықтардың жалпы құны 41,6 млрд теңгені құрайды. Оның 36,2 млрд теңгесі медициналық, 5,4 млрд теңгесі технологиялық жабдықтарды сатып алуға бағытталған.

    Орталықта Brilliance iCT компьютерлік томографы, қуаттылығы 1,5 Теsla Ingenia Ambition магниттік-резонанстық томографы, екі Azurion ангиографиялық жүйесі және CombiDiagnost R90 рентгенодиагностикалық кешені орнатылған. Бұл жабдықтар дертті ерте анықтап, күрделі зерттеулер жүргізуге мүмкіндік береді.

    Медициналық инфрақұрылымды жаңарту жұмыстары аудандарда да жалғасын тапты. Зайсан ауданының Қаратал ауылында жаңа дәрігерлік амбулатория пайдалануға берілді. Ал Алтай аудандық ауруханасының аумағында магниттік-резонанстық томограф аппаратын орналастыруға арналған жеке ғимарат салынды. Бұдан бөлек, Өскемендегі Протозанов көшесі, 7 мекенжайында орналасқан облыстық аурухананың бір бөлігі қайта жаңғыртылып, реанимация бөлімшесінің жұмысына бейімделді.

    Білім беру саласындағы маңызды жобалардың бірі – Риддер қаласында 600 орындық жаңа мектептің ашылуы. Нысан «Казцинк» ЖШС қаражаты есебінен салынды. Жаңа мектеп қаладағы білім беру орындарының санын арттырып, оқушыларға қолайлы жағдайда білім алуға мүмкіндік берді.

    Осылайша, өңірдегі ауқымды құрылыс жұмыстарының нәтижесінде аймақтағы денсаулық сақтау және білім беру салаларындағы әлеуметтік инфрақұрылым толықты. Жаңа нысандар тұрғындарға көрсетілетін қызметтердің қолжетімділігі мен сапасын арттыруға бағытталған.

    Дереккөз: ШҚО ӨКҚ

    Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз

    Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.

    Ұқсас материалдар

    "Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі" жаңалықтары