Түркістан қаласында инженерлік-коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту жұмыстары жалғасуда. Осы мақсатта қала әкімі Әзімбек Пазылбекұлы Ибрахим ата көшесінде орналасқан №9 кәріз сорғы станциясындағы құрылыс жұмыстарымен танысты.
Жарты ғасырдан астам уақыт бойы пайдаланылып келген кәріз жүйесін жаңарту Ұлттық жоба аясында жүзеге асырылуда.
Қазіргі уақытта диаметрі 400 миллиметр болатын ескі металл құбырлардың орнына диаметрі 630 миллиметрлік жаңа полиэтилен құбырлары тартылуда. Бүгінге дейін 198 метр құбыр дәнекерленіп, оның 160 метрі жер астына төселген.
Сонымен қатар нысанда авариялық кәріз сорғы станциясының құрылысы жүргізілуде. Тереңдігі 13 метр болатын қазаншұңқырды қазу жұмыстарының 10 метрі орындалған.
Құрылыс алаңында 15 жұмысшы мен 4 арнайы техника жұмылдырылған. Жоба аясында құбыр желілерін ауыстырумен қатар, станцияның ішкі жабдықтары мен инженерлік құрылымдарын жаңғырту көзделген.
Нысанды аралау барысында қала әкімі құрылыс жұмыстарының сапасы мен орындалу барысына назар аударып, мердігер мекеме өкілдеріне бірқатар ескерту жасады. Сондай-ақ құрылыс аумағында жаяу жүргіншілер мен автокөліктердің қауіпсіз әрі кедергісіз қозғалысын қамтамасыз ету, жолдарды ретке келтіру жөнінде нақты тапсырмалар берді.
Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.









