Шымкент қаласында дәстүрлі қазақы кілем тоқу өнерін, тоқыма бұйымдарын, инсталляциялар мен бейнеөнерді біріктірген заманауи SHE RUG 02 – ALONE TOGETHER өнер көрмесі ашылды. Жобаға Қазақстанның танымал және жас буын өкілдерінен он автор қатысты. Олардың қатарында Әлібай Бапанов, Алмагүл Меңлібаева, Айгүл Қыдырбаева, Ботагөз Төлеш, сондай-ақ, коллекционерлер мен ShyraQ шығармашылық студиясы бар. Шығармашылық туындылар мен қолөнер арқылы шеберлер мен суретшілер ата-баба мұрасы мен заманауи өнер арасында мазмұнды диалог қалыптастырады.
Көрме қазақтың көшпелі өмір салтына тән іргелі құндылықтарға – есіктің ашық болуы, ортақ дастарқан, асарлату және ұрпақтан ұрпаққа берілетін қолөнер шеберлігіне назар аударады.
Бұл тұрғыда дәстүрлі кілем жай ғана тұрмыстық бұйым емес, мәдени кодтың тасымалдаушысы әрі ұлттық жадыны сақтауда өлшеусіз үлес қосқан символ ретінде көрініс табады.
– ALONE TOGETHER – жалғыздық туралы емес. Бұл адамның жанында болудың және бірге болудың қадірін қайта пайымдау туралы. Бүгінде технологиялар бізге үнемі байланыста болуға мүмкіндік бергенімен, шынайы адами жақындық барған сайын әлсіреп барады.
Мен үшін мұраны сақтау тек өткенге оралу дегенді білдірмейді. Бұл – дәстүрлі білім мен тәжірибені қолдана отырып, олардың одан әрі дамуына жағдай жасау мүмкіндігі, – дейді ShyraQ брендінің негізін қалаушы әрі көрме кураторы, PhD докторы Сандуғаш Бейсенбекова.
Жоба мәдениет, бизнес және ғылым салаларын тоғыстырады. Көрменің білім беру саласындағы серіктесі – Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университеті. Ұйымдастырушылар университетпен бірлесіп, дәстүрлі қолөнерді заманауи дизайнға, білім беру бағдарламаларына және өңірдің креативті экономикасына енгізуді жоспарлап отыр.
Көрме Orbis Auto Shymkent кеңістігінде (Темірлан тасжолы, 90Б) өтуде. Қала тұрғындары мен қонақтары экспозицияны 12 желтоқсанға дейін тамашалай алады.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.









