АППАРАТ ОТЫРЫСЫ: ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕР ҚАРАЛДЫ

    1 / 5

    Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбековтің төрағалығымен өткен аппараттық кеңесте сыртқы байланыстар мен креативті индустрияны дамыту, қаладағы эпидемиологиялық ахуал мәселелері қаралды.

    Туризм, сыртқы байланыстар және креативті индустрия басқармасының басшысы Бексұлтан Әділхановтың мәліметінше, жыл басынан бері Шымкентке 14 мемлекеттің елшілері мен бас консулдары жұмыс сапарымен келген. Сондай-ақ, шетелдің төрт қаласымен бауырластық қарым-қатынас орнату жөнінде келісімдерге қол жеткізілді. Олар: Фейсалабад (Пәкістан), Кутаиси (Грузия), Дебрецен (Венгрия) және Пермь (Ресей) қалалары.

    Мегаполисте Қырғызстан, Франция және Бельгияның құрметті консулдықтары ашылды. Алдағы уақытта Италия мен Латвия консулдықтарын ашу жоспарланып отыр. Бұдан бөлек, Францияның Қазақстандағы Елшілігімен қол қойылған Жол картасына сәйкес, Шенген визасын алу үшін құжаттарды қабылдайтын толыққанды визалық қызметті іске қосу көзделген.

    Шымкенттің туристік әлеуетін дамыту мақсатында қалаға 11 елден туризм саласының өкілдері мен блогерлер келді. Кездесулер қорытындысы бойынша жергілікті туристік компаниялармен 17 келісімге қол қойылды. Қараша айында 7 елдің шетелдік туроператорлары мен тревел-блогерлеріне арналған ақпараттық тур ұйымдастыру жоспарланған.

    Креативті индустрия саласы да қарқынды дамып келеді. Қалада осы бағытта 2 430 субъект тіркелген. Shymkent Creative Hub орталығында 36 резидент жұмыс істейді. Бүгінде 227 іс-шара өткізіліп, 79 жәрмеңке ұйымдастырылып, нәтижесінде 5 200-ден астам бұйым сатылымға шығарылды.

    Маңызды жобалардың қатарында «Сақ» студиясының екі толықметражды анимациялық фильмінің жарық көруі, 20 ел дизайнерлерінің қатысуымен өткен халықаралық сән көрсетілімі және Creative Aimaq жобасы аясында Астанада Шымкенттің креативті индустрия күндерінің ұйымдастырылуы бар.

    Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Қайрат Қалыбековтің айтуынша, Шымкентте жіті респираторлық вирустық инфекциялардың (ЖРВИ) алдын алу жұмысы жалғасуда. Медициналық ұйымдар науқастарға қажет көмек көрсетуге дайын.

    Қазан айының басынан бері қалаға «Гриппол Плюс» вакцинасының 150 мың дозасы жеткізілген. 13 қарашадағы жағдай бойынша 142,5 мың адам екпе алды. Бұл жоспардың 95 пайызын құрайды. Сонымен қатар ЖРВИ жұқтырған науқастар санының төмендегені байқалады.

    Науқастарды ауруханаға жатқызу үшін қосымша 676 инфекциялық төсек-орын қарастырылған. Қаладағы 58 емханада мобильді бригадалар мен сүзгі кабинеттері жұмыс істейді. Медициналық ұйымдар қажет дәрі-дәрмектермен және жеке қорғаныш құралдарымен қамтамасыз етілген. Жалпы, қаладағы эпидемиологиялық ахуал тұрақты.

    Кеңес қорытындысы бойынша қала әкімі жауапты басшыларға халықаралық ынтымақтастықты кеңейтуді, Шымкенттің туристік әлеуетін ілгерілетуді жалғастыруды, сондай-ақ, маусымдық аурулардың алдын алу бағытында қосымша шаралар қабылдауды тапсырды.

    Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз

    Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.

    Ұқсас материалдар

    "Шымкент қаласының әкімдігі" жаңалықтары